Былтыр Заңнама және құқықтық ақпарат институты халыққа 95 мыңнан астам кеңес берді

0
99

Құқықтық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы құрамдас бөліктердің бірі – деректер базасын және ақпараттық-құқықтық жүйелерді жүргізу.


Былтыр Заңнама және құқықтық ақпарат институты халыққа 95 мыңнан астам кеңес берді

ERNUR.KZ. Заңнама және құқықтық ақпарат институты осы бөлімде Нормативтік актілердің мемлекеттік тізілімін , Нормативтік актілердің эталондық бақылау банкін жүргізуге, сондай-ақ «Әділет» Ақпараттық-құқықтық жүйесі мен және «Заң» дерекқорының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге жауапты. ҚР Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімі – бұл барлық заң, Президент жарлықтары, Үкімет қаулылары және басқа да актілер ескерілген басты цифрлық «есепке алу кітабы». Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова ОКҚ баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша былтырдан бері Мемлекеттік тізілімге 25 мыңға жуық нормативтік акт, оның ішінде Институттың аумақтық филиалдары – 16 мың акт енгізді. Яғни, айына орта есеппен 1 250 нормативтік акт енгізіледі. Мемлекеттік тізілім Интернетте қолжетімді (www.zanorda.kz), оның ақпараттық алабы күн сайын жаңартылып, қазақ және орыс тілдерінде қалыптастырылады.

«ҚР нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкі заңдар бойынша елдің басты электрондық кітапханасы болып табылады. Бұл нормативтік актілерді жариялаудың қағаз және электронды түрде құрылған ресми көзі. Мемлекеттік тізілімдегі және Эталондық банктағы нормативтік актілердің саны бірдей. Айырмашылығы, егер Мемлекеттік тізілімде актілерді тіркеу және есепке алу ғана жүргізілсе, Эталондық банкте оларға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, барлық актілердің мазмұны күн сайын жаңартылады», – деді Ж.Жігітекова.

«Әділет» ақпараттық-құқықтық қызметі заңмен байланысты барлық адам пайдаланады. Ол заңнаманың жүйеленген және толық дерекқорына жалпыға бірдей тегін қол жеткізуге арналған.

Сондай-ақ бұл жүйеде актілер Эталондық банкке енгізгеннен кейін жарияланады. Бұл «Әділетке» енгізілген барлық актінің дұрыстығын растайды. Ол 1991 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін мемлекеттік және орыс тілдеріндегі құқықтық актілерді қамтиды. Жүйе интернет желісінде, Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік желісінде жұмыс істейді. Жаңарту кезінде деректерді дұрыс синхрондау қамтамасыз етілген. Тұрақты негізде олардың мәтіндеріне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бұрын енгізілген актілерді өзектендіру жүргізіледі.

Мәселен, былтыр Институт мемлекеттік және орыс тілдерінде 15 мыңға жуық акт өзектендірді немесе айына орташа 1 265 акт. Ағымдағы жылдың 8 айында 14 мыңға жуық актіні немесе орташа есеппен айына 1 723 актіні өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілді.

Ағымдағы жылы «Әділет-2» жаңартылған жүйесі іске қосылды. Бұл жұмысты Институт өз қызметкерлері қатарынан құрылған жобалық кеңсесі күшімен жүргізді.

«Заң» дерекқоры пайдаланушыларға заңнама туралы өзекті құқықтық ақпаратты ұсыну үшін Институттың ақпараттық-құқықтық жүйесі болып табылады. Деректер қоры нормативтік актілерден бөлек, құқықтық ақпаратты іздеудің, өңдеудің және талдаудың кеңейтілген мүмкіндіктері бар материалдар мен қызметтер түріндегі қосымша құқықтық ақпаратты қамтиды.

«Әділетке» қарағанда, деректер қорда олар тұрақты жаңартуды, өзектендіруді және синхрондауды қамтамасыз ете отырып, коммерциялық негізде ұсынылады.

Айта кетерлігі, құқықтық ақпарат беруді және құқықтық көмек көрсетуді Институттың құқықтық ақпараттық қызметі жүзеге асырады. Ол құрылған сәттен бастап халыққа 2 млн-дан астам кеңес берілді. Өткен жылы халыққа барлығы 95 мыңнан астам кеңес берілді, ағымдағы жылдың 8 айында – 35 мыңнан астам. Бүгінгі таңда құқықтық кеңес алудың 7 арнасы қарастырылған, олар негізінен «Әділет» жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда азаматтардың 91%-ы көрсетілген кеңестердің сапасына риза. Мамандар елордалық әділет органдары және прокуратура ұйымдастыратын «Ашық есік күні» және «Халық заңгері» акцияларына белсенді қатысады. Жәрдемақыны ресімдеу, атқарушылық іс-жүргізу, жер, тұрғын үй даулары және басқа да мәселелер бойынша тегін құқықтық кеңестер беріледі.