Қазақстанның сауда және логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту үшін бес трансшекаралық хабтың жобасы іске асырылуда.
ERNUR.KZ. Қазақстандық бизнеске шетелдік нарықтарға шығуға айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, маркетинг, көрмелерге қатысу, сертификаттау рәсімдерінен өту, тасымалдау сынды шығындарының бір бөлігі өтеледі. Былтыр 100-ге жуық отандық өндірушінің экспортқа шығуына байланысты 6 млрд теңгеге тең шығындары өтелді. Бұл компаниялар алдағы екі жылда валюталық экспорттық түсімді кемінде 10%-ға арттыруға міндетті. Бұл туралы ҚР сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков ОКҚ баспасөз конференциясында хабарлады.
«Шикізаттық емес экспорттық қаржылық қолдау шаралары, яғни экспорттық операциялар – сақтандыру, кепілдендіру және қаржыландыру Экспорттық-кредиттік агенттік арқылы ұсынылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Экспорттық-кредиттік агенттік желісі бойынша көрсетілген қолдау көлемі 653 млрд теңгені құрады. Қолдау көрсетілген жобалардың құрылымы туралы айтатын болсақ, ол келесі түрде қалыптастырылған. Қолдаудың 40,6%-ы металлургия саласына, 33,1%-ы азық түлік өнеркәсібіне, 11,9 %-ы химия өнеркәсібіне, 10,7 %-ы агроөнеркәсіптің дайын өнімдеріне, 1,8 %-ы жеңіл өнеркәсіпке бағытталды. Қалған 2%-ы басқа салаларға тиесілі», – деді спикер.
Сауда және интеграция министрлігінің сауда өкілдері Қазақстанның Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан және Ирандағы елшіліктері жанында жұмыс істейді. Олар қазақстандық компанияларға шетелдік нарықтар туралы ақпарат беріп, серіктестер табуға және экспорттық байланыстар орнатуға көмектеседі. Qaztrade және Экспорттық кредиттік агенттік қазақстандық бизнеске шетелдік нарықтарға шығуға көмектеседі.
Олар жаңа нарықтарды зерттеуге, шетелдік серіктестер табуға, іскерлік байланыстар орнатуға және экспорттық келісімдер жасауға көмектеседі. Қытайдағы өкілдік желі Үрімші, Шанхай, Бейжің, Аньхой, Хубэй, Нанкин, Шэньчжэнь, Чунцин және Тяньцзинь қалаларын қамтиды.
Қазақстанның сауда және логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту үшін бес трансшекаралық хабтың жобасы іске асырылуда. Олардың қатарында «Алатау» индустриялық сауда логистикалық кешені, Орталық Азия халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы, «Қорғас» және Каспий хабтары бар. Қорғаста бүгінде жалпы құны 91 млрд теңге болатын 45 жоба іске асырылды.
2028 жылдың соңына дейін жалпы құны 763 млрд теңге болатын тағы 75 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асқан кезде шамамен 6500 жаңа жұмыс орны ашылады. Каспий хабында Ақтау портындағы контейнерлік хабтың бірінші кезеңі аяқталды. Сонымен қатар Құрық портындағы терминалды және ERSAI аумағындағы контейнерлік терминалды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.


