Бурабайдағы халықаралық Aqbura Bay Trail жүгіруіне әлемнің түкпір-түкпірінен 1500-ден астам адам қатысты

0
112

Ақмола облысындағы Щучье-Бурабай курортты өңірінде Aqbura Bay Trail халықаралық трейл-жүгіруінің бесінші кезеңі өтті.


Бурабайдағы халықаралық Aqbura Bay Trail жүгіруіне әлемнің түкпір-түкпірінен 1500-ден астам адам қатысты
ERNUR.KZ. Ауқымды спорттық іс-шараға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Испания, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Беларусь, Италия және өзге де елдерден келген 1500-ден астам қатысты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.

Спорттық және оқиғалы туризмді дамыту – 2029 жылға дейінгі туризм мен меймандостық индустриясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаның негізгі басымдықтарының бірі. King & Queen of the North санатына енетін жарыстар ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда.

Қатысушылар Бурабайдың көркем табиғи ландшафты арқылы өтетін түрлі қашықтықтарды бағындырды. Бағдарлама бойынша 500 метр мен 1 шақырымға арналған балалар мен ересектерге арналған жүгіру, 11 шақырымдық скандинавиялық жүріс, сондай-ақ 11, 23 және 53 шақырымдық трейл мен 51 шақырымдық Aqbura Bike веложарысы өтті.

Aqbura Bay Trail V – King & Queen of the North экстремалды трейл-жүгірулер сериясының екінші кезеңі саналады. Бұған дейінгі бірінші кезең биыл ақпан айында Burabay Ice атауымен Бурабай көлінің мұз үстінде өткен болатын. Соңғы әрі үшінші кезеңге жоспарланған күзгі жартылай марафон қазан айында Зерендіде өтеді деп күтілуде.

Осындай ауқымды жарыстар саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты, ішкі туризмді дамытуға, сондай-ақ еліміздің табиғи және мәдени әлеуетіне жұртшылықтың назарын аударуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Aqbura Bay Trail – халықаралық спорттық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін тиімді алаң. Бұл іс-шара Қазақстанның ашық аспан астында спортпен айналысуға және экотуризмді дамытуға қолайлы ел ретіндегі оң имиджін қалыптастыруға да өз үлесін қосады.