Бурабайда қар көлігі ағашқа соғылып, комаға түскен қыз көз жұмды

0
118

Бурабайда қар көлігі ағашқа соғылып, 24 жастағы қыз комаға түскені хабарланған болатын.


Бурабайда қар көлігі ағашқа соғылып, комаға түскен қыз көз жұмды

Фото: Freepik.com

ERNUR.KZ. Бурабайда қарда жүретін көлік апатынан ауыр жарақат алып, тоғыз күн бойы комада жатқан 24 жастағы қыз көз жұмды, деп жазады stan.kz.

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының дәрігерлерінің айтуынша, науқас бас сүйегі мен бет сүйектерінің сынуы, жабық бас-ми жарақаты және травматикалық шок секілді көптеген ауыр жарақат алған. Болжам бастапқы кезден-ақ қолайсыз болған. Жүргізілген емдеу мен реанимациялық шараларға қарамастан, алған жарақаттарының салдарынан қызды аман алып қалу мүмкін болмады.

“23 ақпанда таңертең науқас қайтыс болды”, – деп хабарлады Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін Бурабайда қар көлігі ағашқа соғылып, 24 жастағы қыз комаға түскені хабарланған еді.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға Бурабай курортында болған. Қар көлігі (снегоход) жоғары жылдамдықпен ағашқа соғылып, қыз ауыр жарақат алған.

“Облыстық нейрохирургтер мен бейінді мамандар қатысқан консилиум жарақаттардың ауырлығына байланысты әзірге операция жасау мүмкін емес деген қорытындыға келді. Қазір кез келген хирургиялық араласу науқас үшін аса қауіпті”, – делінген басқарманың хабарламасында.

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар құқық қорғау органдары Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы квадроциклдер мен қар көліктерін жалға беру орындарын тексере бастады.

Тексеру барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, клиенттерге нұсқаулық берілуі және техниканың техникалық жағдайы анықталмақ.