Бұдан былай зейнетақы жинағына пластикалық ота жасауға тыйым салынды

0
96

Бұл туралы "Отбасы банктің" баспасөз қызметі хабарлады.


Бұдан былай зейнетақы жинағына пластикалық ота жасауға тыйым салынды

Фото: Pixabay.com

ERNUR.KZ. Пластикалық оталарға арналған өтінімдер саны 130 есеге артқан. Осыған орай enpf-otbasy.kz платформасында БЗҚ қаражатын бұл мақсатта пайдалану бойынша өтінім қабылдау тоқтатылады, деп жазады inbusiness.kz.

enpf-otbasy.kz платформасында стоматология мен офтальмологияға БЗҚ қаражатын пайдалану үшін өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін, қазақстандықтар жаңа мақсатты жаппай таңдай бастады. Ол реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операциялары. Бұл бағытқа әсіресе операциядан кейінгі тыртықтарды түзету және туа біткен ақауларды коррекциялау үшін сұраныс артты.

Отбасы банк мұндай өтінімдердің саны бойынша күрт өсімді байқады. Бұрын банкке пластикалық оталарға БЗҚ қаражатын пайдалану туралы азаматтардан орта есеппен 16 өтініш түсетін. Алайда қыркүйекте стоматология бойынша өтінім қабылдау тоқтаған кезде олардың саны 123-ке дейін өсті, қазанда – 1 844-ке, ал қарашада – 3 878 өтінішке жетті.

Желтоқсанның алғашқы 8 күнінде, офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін, пластикалық оталарға БЗҚ пайдалану бойынша 2 093 өтініш түсті. Бұл – бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе көп.

Желтоқсан айындағы өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге жетті.

– Азаматтардың зейнетақы қаражатының мақсатты пайдаланылуын қадағалау – Отбасы банкінің міндеті. Пластикалық оталарға деген қызығушылықтың күрт артқанын байқаған кезде, біз бұл жағдайдан БЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін көрдік. Сондықтан осы бағыт бойынша өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. Отбасы банк әрқашан ашық жұмыс істейді және клиенттердің мүддесін бірінші орынға қояды – бұл біздің қағидатты ұстанымымыз әрі әлеуметтік жауапкершілігіміздің көрінісі. БЖЗҚ-дағы қаражат – азаматтардың болашақ зейнетақысы. Иә, қазақстандықтар зейнетақы артылған қаражатын белгілі бір мақсаттарға пайдалана алады. Қазір осы мүмкіндікті желеу етіп, кейбіреулер БЗҚ қаражатын делдалдар арқылы заңсыз жолмен шешіп алып жатыр. Ал шын мәнінде, пайда тауып отырған – сол делдалдар. Отбасы банкі үшін ең маңыздысы – зейнетақы қаражатының нақты мақсатына жұмсалуын қамтамасыз ету және оны заңсыз баю құралына айналдырмау, – деді Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

БЖЗҚ қаражатын "Операциядан кейінгі тыртықтарды және туа біткен ақауларды түзетуге арналған реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операциялары" мақсаты бойынша пайдалану үшін өтінім қабылдау enpf-otbasy.kz порталында 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап тоқтатылады.

Қазіргі уақытта пластикалық операцияларға БЗҚ қаражатын пайдалану бойынша 6 294 өтінім қаралуда. Бұл өтінімдердің барлығы қолданыстағы тәртіпке сәйкес өңделеді.

Сонымен қатар азаматтарда өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өмірлік маңызды, құны жоғары және әрдайым қолжетімді бола бермейтін ем түрлеріне бағыттау мүмкіндігі сақталады. Мұндай медициналық қызметтерге мыналар жатады:

• сирек (орфандық) ауруларды емдеу;
• радионуклидтік және радиойод терапиясы;
• радиохирургиялық емдеу;
• протондық терапия.

Бұдан бөлек, азаматтар зейнетақы артылған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады: тұрғын үй сатып алу, ипотеканы толық немесе жартылай өтеу, сондай-ақ Отбасы банктегі депозитті толықтырып, кейін баспана алу мүмкіндігі бар.