Болашақ судьялар үшін емтиханнан өту мерзімі қысқартылды

0
107

Жоғары Сот Кеңесі судьялық бос лауазымдарды толықтыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.


Болашақ судьялар үшін емтиханнан өту мерзімі қысқартылды

ERNUR.KZ. Кадрлық саясатты жүйелі жаңғыртудың маңызды нәтижелерінің бірі сот жүйесіндегі кадр тапшылығын азайту болды. Конкурстық іріктеуді ұйымдастыру тәртібі қайта қаралып, бір конкурсты өткізу мерзімі алты айдан бір жарым айға дейін, яғни төрт есеге жуық қысқартылды. Бұл ретте кандидаттарға қойылатын барлық талаптар толық көлемде сақталады. ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Оның айтуынша, тек жұмысты ұйымдастырудың тәсілдері мен рәсімдерінің тиімділігі артты.

«Егер бір жыл бұрын жылына 2-3 конкурс қана өтсе, 2025 жылы 796 судьялық лауазымға алты конкурс өткізілді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы 295 бос судьялық лауазымға бес конкурс жарияланды. Олардың 143-і бойынша шешім қабылданды. Қалған 152 бос лауазым Кеңестің алдағы отырысында қаралады», – деді спикер.

Судьялыққа кандидаттарға арналған біліктілік емтиханына ауқымды реформа жүргізілді. Емтиханнан өту мерзімі бір жарым жылдан үш айға дейін қысқартылды. Бұған емтиханды тоқсан сайын емес, ай сайын өткізу, психологиялық тестілеу санын жылына үш реттен алты ретке дейін ұлғайту және Біліктілік комиссиясы отырыстарының санын айына төрт ретке дейін арттыру арқылы қол жеткізілді.

Бүгінде біліктілік емтиханы өзара сабақтас бес кезеңнен тұрады: компьютерлік тестілеу, эссе жазу, практикалық кейстерді шешу, психологиялық тестілеу және қорытынды әңгімелесу. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Жоғары Сот Кеңесі төрт біліктілік емтиханын өткізді. Оған 304 кандидат қатысты. Емтиханның алғашқы кезеңі – компьютерлік тестілеуден 62 кандидат сәтті өтті. Бұл судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптардың жоғары деңгейде сақталғанын көрсетеді.

Емтиханның барлық бес кезеңінен 53 кандидат сәтті өтіп, бұл жалпы қатысушылар санының 17,4%-ын құрады. Біліктілік емтиханын сәтті тапсырған кандидаттардың орташа жасы 39 жасты құрады. Олардың ішінде 27 әйел және 26 ер адам бар. Бұл судьялық қызметке қол жеткізуде әйелдер мен ерлер үшін тең мүмкіндіктердің қамтамасыз етілгенін көрсетеді.