БҚО-да 12 адам кеміргіштер арқылы тарайтын вирустық инфекция жұқтырды

0
232

​Мамандар жарты жылға арналған статистиканы жариялады.


БҚО-да 12 адам кеміргіштер арқылы тарайтын вирустық инфекция жұқтырды

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. БҚО-да 2025 жылдың алғашқы алты айында кеміргіштер арқылы таралатын вирустық инфекция – бүйрек синдромды геморрагиялық қызбамен ауырғандар саны күрт өсті. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Былтыр бірде-бір жағдай тіркелмеген

2024 жылы бұл ауру бойынша ешқандай жағдай тіркелмесе, биылғы жарты жылда 12 адамнан вирус анықталды:

  • Бөрлі ауданында – 7 адам;
  • Бәйтерек ауданында – 2 адам;
  • Орал қаласында – 3 адам.

Мамандардың айтуынша, сырқаттанғандардың барлығы – ересек адамдар.

Ауру қалай жұғады?

«Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба – бұл жедел түрде өтетін, табиғи ошақты вирустық инфекция. Ол интоксикациямен, бүйрек зақымдануымен және геморрагиялық синдроммен сипатталады. Инфекция көзі – кеміргіштер», – делінген санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдемесінде.

Ауру белгілері қандай?

Инфекцияны жұқтырған адамда келесі клиникалық белгілер байқалады:

  • Қалтырау;
  • бел мен бүйрек тұсының ауыруы;
  • бас ауруы;
  • бұлшықет ауыруы;
  • әлсіздік;
  • теріде геморрагиялық (қан құйылу тәрізді) бөртпелердің пайда болуы

Қалай қорғануға болады?

Санитар мамандар төмендегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады:

  • кеміргіштер жете алмайтын, жақсы жабылған ыдыста азық-түлікті сақтау;
  • кеміргіштермен ластанған болуы мүмкін өнімдерді тұтынбау;
  • жеке гигиена ережелерін сақтау;
  • тұрмыстық және қоғамдық жерлерде дератизация (кеміргіштерге қарсы күрес) жұмыстарын жүргізу.