Биыл жеңіл өнеркәсіп саласында 8 ірі жобаны іске асыру көзделген

0
136

Былтыр еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласында 600-ден астам жұмыс орны ашылып, 13 инвестициялық жоба іске асырылды.


Биыл жеңіл өнеркәсіп саласында 8 ірі жобаны іске асыру көзделген
ERNUR.KZ. Олардың ішіндегі ең маңыздылары: Ақтөбе облысында жүнді өңдеу жобасы, Атырау облысында тоқылған полипропилен геоматасын өндіру зауыты және Түркістан облысында тоқыма бұйымдарын өндіру жөніндегі мақта кешенінің I кезеңі.
ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаковтың ОКҚ брифингінде айтуынша, саланы дамыту үшін жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жол картасы іске асырылып, өзіндік нысаналы индикаторларын толықтай оң нәтижесімен аяқтады.

Ал, биыл 8 жобаны енгізу жоспарда бар. Олардың ішінде Шымкент қаласындағы Аралас және мақта маталарын өндіру зауыты, Атырау облысында экструзиялық полипропилен геотекстиль кешенінің III кезеңі және Түркістан облысында тоқыма бұйымдарын өндіру жөніндегі мақта кешенінің II кезеңі жобалары бар.

«Сонымен қатар инвестициялар тарту үшін 16 арнайы экономикалық аймақтың 10-на басым қызмет түрлеріне жеңіл өнеркәсіп салаларын енгіздік, сондай-ақ сора өсімдігінің сұрыптарын өнеркәсіптік қайта өңдеу қағидаларын бекіттік және де елде бар шикізатты одан ары өндеу үшін біз қытайлық инвесторымен Түркістан облысында Тоқыма бұйымдарын өндіру жөніндегі мақта кешенің құру жобасы бойынша Инвестициялар туралы келісімге қол қойдық», - деді ӨҚМ өкілі.

Жұмысты жүйелі түрде жалғастыру және қабылданған шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында ағымдағы жоспардың бірі ол 2026-2028 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жол картасын бекіту. Қазіргі уақытта аталған жоспар тиісті мемлекеттік органдармен, мүдделі ұйымдармен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен келісу сатысында қарастырылуда. Келісу рәсімдері аяқталғаннан кейін жоспарды іске асыру саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, өндірістік әлеуетті арттыруға, сондай-ақ отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталады.

Ағымдағы жоспар аясында бірқатар маңызды бағыт бойынша нақты шаралар қарастырылған. Біріншіден, жергілікті шикізатты міндетті түрде пайдалану көзделіп отыр. Бұл отандық ресурстарды тиімді игеруге және өндірістің ішкі әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, өңірлік құндылықты арттыру мақсатында өңірлер бойынша реттелетін сатып алуларда өндірістің өсуі жоспарланып, шамамен 80%-ға дейін ұлғайтуға көзделген. Үшіншіден, бақылау және таңбалау жүйесі енгізіледі. Бұл шаралар таңбалау арқылы көлеңкелі импортпен күресуге бағытталған және тағы басқа да шаралар көзделген.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда отандық тауарларға басымдық берілмек. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар мемлекеттік қолдауды кеңейтуге, бәсекеге қабілетті өнімді арттыруға, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларына инвестиция тартуға бағытталған отандық кәсіпорындарды қолдау бойынша белсенді жұмысты жалғастыратын болады.