Биыл Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 19,5%-ға өсті

0
115

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қытай Қазақстанның шикізаттық емес экспорты бойынша негізгі нарық болды.


Биыл Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 19,5%-ға өсті

ERNUR.KZ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның тауар айналымы 144,7 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 79,2 млрд АҚШ долларын, импорт 65,4 млрд АҚШ долларын құүрады. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында шикізаттық емес тауар айналымы 52,2 млрд долларға жетіп, 7,4%-ға артты. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 18,6 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ға өсті. Нәтижесінде шикізаттық емес тауарлардың жалпы экспорттағы үлесі 36,5%-дан асты. Бұл туралы ҚР сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков ОКҚ баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, өсімге негізінен машина жасау, металлургия, химия және тамақ өнеркәсібі өнімдерінің экспорты әсер етті. Алдағы уақытта дайын және қосылған құны жоғары тауарлардың экспортын арттыруға басымдық беріледі.

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қытай Қазақстанның шикізаттық емес экспорты бойынша негізгі нарық болды. Қытайға жеткізілген шикізаттық емес өнім көлемі 4,44 млрд АҚШ долларын құрады. Одан кейін Ресей 3,73 млрд АҚШ доллары, Түркия 2,31 млрд АҚШ доллары, Өзбекстан 1,63 млрд АҚШ доллары және Қырғызстан 1 млрд АҚШ доллары көлемінде тұр. Сонымен қатар Ұлыбританияға 754,7 млн АҚШ доллары, Тәжікстанға 546,6 млн АҚШ доллары және Францияға 405,1 млн АҚШ доллары көлемінде шикізаттық емес өнім экспортталды.

Қосылған құны жоғары дайын өнімдердің экспортын арттыру үшін 70 басым тауардан тұратын тізім жасалды. Тізімге металлургия, химия және мұнай химиясы, тыңайтқыштар, полимерлер, құрылыс материалдары, электротехника, сондай-ақ өңделген астық және майлы дақылдар өнімдері енгізілді. Бұл тауарлар бойынша экспортты арттыруға және оларды жаңа сыртқы нарықтарға шығаруға басымдық беріледі. Соңғы бес жылда Қазақстанның жоғары деңгейде өңделген өнімдер экспорты 2,4 есе өсіп, 4,68 млрд АҚШ долларынан 11,1 млрд долларға жетті.

Қазақстанның жалпы тауар айналымы 87,7 млрд долларға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,7%-ға өсті. Экспорт көлемі 50,9 млрд долларды, импорт 36,9 млрд долларды құрады. Қазақстанның шикізаттық емес экспорты құрылымында жоғары деңгейде өңделген өнімдердің үлесі 39%-ға жуықтады.

«2026 жылы экспорттық акселерация бағдарламасына 125 компания енгізіліп, олардың әрқайсысына жеке экспорттық стратегия әзірленді. Сонымен қатар Қытай, Ауғанстан, Ресей, Таиланд, Нидерланд, Моңғолия және Солтүстік Македония бағыттарында сауда-экономикалық миссиялар ұйымдастырылды. 2026 жылы қазақстандық компаниялардың қатысуымен Қытай, Ауғанстан, Ресей, Таиланд, Нидерланд, Моңғолия және Солтүстік Македонияға сауда экономикалық миссиялар ұйымдастырылды. Кездесулердің қорытындысы бойынша металлургия, мұнай-химия, тоқымы саласы, медициналық өнеркәсіп пен агроөнеркәсіпті қоса алғанда өндеуші өнеркәсіп орындарының өнімін жеткізу туралы келісімдерге қол жеткізілді», – деді спикер.