Биыл декларацияны кімдер тапсырады

0
97

Декларация тапсырмағандарға 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.


Биыл декларацияны кімдер тапсырады

Photo : СС0 / edar

ERNUR.KZ. Биылдан бастап жалпыға бірдей декларация тапсыру тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұдан былай шетелдегі активтері бар азаматтарды бақылау шараларына ерекше басымдық беріледі. Ал мүлік пен ақшаны жасырғандарға салынатын айыппұлдың көлемі өсті, деп жазады sputnik.kz.

Қарапайым халық декларациядан босатылды

Бұған дейін жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізілген болатын. Ал ең соңғы болып қосылатын қарапайым азаматтарды декларация тапсырудан босатуға шешім қабылданды. Олар:
зейнеткерлер;
жеке құрылымдардың қызметкерлері;
студенттер;
үй шаруасындағы әйелдер және тағы басқа адамдар.
Бірақ адамның шетелде мүлкі, активтері немесе банк есепшоттары болса, декларация тапсыруға міндетті.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 нысан) кімдер тапсырады

мемлекеттік және сайлаулы лауазымға үміткерлер мен олардың жұбайлары;
банктер, сақтандыру және қаржылық ұйымдардың ірі қатысушысы мәртебесіне үміктерлер мен олардың жұбайлары;
жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар);
меншігінде цифрлық активтері бар қазақстандықтар;
шетелде мүлкі бар қазақстандықтар.
Заңда Қазақстаннан тыс жердегі мүліктің нақты санаттары да көрсетілген. Олар:
жылжымайтын мүлік, жер мен көлік;
шетелдік банктердегі есепшоттар (1 000 АЕК-тен, яғни, 2024 жылдың есебі бойынша 3 692 000 теңгеден асатын сома);
инвестициялық алтын;
шетелдік компанияның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
өзге елде тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі;
шетелде тіркелген бағалы қағаздар;
шетелдік брокерлік шоттардағы ақша;
Қазақстаннан тыс жердегі зияткерлік меншік пен авторлық құқық объектілері;
дебиторлық/кредиторлық берешек;
құны 1 000 АЕК-тен асатын басқа мүлік;
250.00 нысандағы декларацияда қандай мәліметтер болуы керек
шетелдегі брокерлік шоттардағы ақша:
құны 1000 АЕК-тен асатын басқа мүлік (бағалау құны 15 қыркүйектен кешіктірілмей жасалауы шарт);
дебиторлық және кредиторлық берешек (нотариалды куәландырылған шарт + салыстыру актісі немесе соттың шешімі болуы керек);
бағалы қағаздар (эмитенттері Қазақстан аумағында тіркелген бағалы қағаздар, цифрлық активтер базалық активі болып табылатын туынды бағалы қағаздар кірмейді.

Кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 нысан) тапсыратындардың тізімі

заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары;
мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар және жұбайлары,
қаржы ұйымдарының ірі қатысушылары мен олардың жұбайлары;
жарғылық капиталындағы үлестің 10 пайызынан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ олардың резидент жұбайлары;
жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар);
есепті салықтық кезеңде жеке тұлғаның өз бетінше салық салуына жататын кірісті алған тұлғалар (жалға беру, шетелдік проценттер, цифрлық активтер және тағы басқа);
шетелде 1 000 АЕК-тен артық ақшасы бар тұлғалар;
шетелде мүлкі бар адамдар;
цифрлық активтерді ұстап отырған тұлғалар;
құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлкіті сатып алғандар;
салық агентіне өзге шегерімдердің алдын ала сомасы түрінде салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініш ұсынған тұлғалар.

Декларацияны қалай тапсырады

Заң бойынша екі декларацияны да 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет:
Электронды түрде:
Мемлекеттік кірістер комитетінің "Салық төлеушінің кабинеті" web-порталы (cabinet.salyk.kz);
"Электронды үкімет" веб-порталы (egov.kz);
(Moldir.qoldau.kz) арқылы, сондай-ақ "eSalyq Аzamat", Halyk, Банк Центркредит және eGov mobile мобильді қосымшалары;
Қағаз түрінде:
мемлекеттік кірістер органдарына келу тәртібімен;
ХҚКО-ларға,
хатпен пошта арқылы ұсынуға болады.

Декларацияны тапсырмаса не болады

Қазақстанда декларацияның тапсырмағаны үшін жеке тұлғаларға алдымен ескерту жіберіледі. Ал осы әрекет бір жылдың ішінде қайталанса, 15 АЕК (2025 жылда – 58 980 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Декларациядағы толық емес мәлімет көрсеткені үшін де алдымен ескерту жасалады. Одан кейін 3 АЕК (2025 жылы – 11 796 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Жақында қолданыстағы Салық кодексіне тағы бір маңызды өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, декларацияда шетелдегі мүлік мен ақшаны көрсетпегені үшін 100 АЕК (2025 жылы – 393 200 теңге) көлемінде айыппұл салынады.