Мемлекет басшысы Қазақстанға инвестиция тарту мәселесіне айрықша көңіл бөлуде.
ERNUR.KZ. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлік әкімдіктермен бірлесе отырып, агроөнеркәсіптік кешенге тартылатын инвестициялар көлемін арттыру тапсырылды. 2025 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 213 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 118%-ға артық. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы хабарлады.
Вице-министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығына 164 млрд теңге тартылды, өсім 115%-ды құрады. Тамақ өнімдері өндірісіне 48,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 129%-ды болды.
«Ауыл шаруашылығына шетелдік инвесторлардан тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 26 млн АҚШ долларын құрап отыр. Министрлік жергілікті атқарушы органдарымен 2025–2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен инвестициялық жобаларын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасын әзірледі», – деді спикер.
Аталған құжат аясында жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 677 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2025 жылы жалпы сомасы 611,2 млрд теңгеге тең 282 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Министірлік тарапынан «СҚО тәжірибесін тарату» бағдарламасын қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2023 жылы жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 69 тауарлы сүт фермасы қаржыландырылды, 40 тауарлы сүт фермасы іске қосылды. 2024 жылға 96 жобаны қаржыландыру үшін 100 млрд теңге бөлінді, 4 жоба іске қосылды. 2025 жылы бұл бағдарламаны жалғастыру үшін 154 жобаға 200 млрд теңге қарастырылған. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу және іріктеу жұмыстары жүріп жатыр.