Биыл 11-сыныпты 217 мыңнан астам түлек бітіреді

0
98

Биыл 9-сыныпты 364 мыңнан астам бала аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды.


Биыл 11-сыныпты 217 мыңнан астам түлек бітіреді

ERNUR.KZ. 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтеріне сәйкес, елімізде барлығы 8 мыңнан астам мектеп бар, онда 4 млн-ға жуық оқушы білім алуда. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев хабарлады.

Оның айтуынша, биыл 9-сыныпты 364 мыңнан астам бала аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ 217 мыңнан астам түлек 11 сыныпты тәмамдайды. Мектептерде оқу мерзімі дәстүрлі түрде 34 аптаға созылады.

«1-10 сынып оқушылары үшін соңғы сабақ күні, 23 мамырда, «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23-ші немесе 24-ші мамырда мектеп қабырғасында өткізіледі. Сондай-ақ, 9-сынып оқушылары үшін емтихандар 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді. Ал 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады», – деді спикер.

Мектеп бітіру аттестаттарын тапсыру салтанаты 18-20 маусым аралығында ұйымдастырылады.

Ведомство өкілі былтыр алғаш рет барлық мектептерде оқыту тіліне қарамай қазақ тілі және әдебиет пәнінен аралық емтихандар енгізілгенін атап өтті. Аралық емтиханды 5, 6, 7, 8, 10-сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында тапсырады. Оған 1,7 млн оқушы қатысады.

«Бұл емтиханның мақсаты оқушылардың мемлекеттік тілді оқып үйрену деңгейін анықтау және білімдерін шыңдауға дағдыландыру. Бұл емтихан негізінен 4 бағытта өтеді: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым. Бұл халықаралық CREF стандартына сәйкес өткізіледі», – деді Қаныбек Жұмашев