«Жастар рухы» жастардың шығармашылық және кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, олардың ел болашағына деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.
Еліміздегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда маңызды рөл атқаратын ұйымның бірі – «Жастар рухы». Ұйым Қазақстан жастарының азаматтық белсенділігін арттыруға, олардың қоғамдық өмірге атсалысуына және еліміздің жан-жақты дамуына үлес қосуына жол ашады. Сонымен қатар, ұйымның маңызды бастамалары арқылы жас көшбасшылар мен дарынды жастар түрлі әлеуметтік, мәдени және инновациялық жобаларға қатысып, өз әлеуеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік алады. «Жастар рухы» жастардың шығармашылық және кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, олардың ел болашағына деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді. Осы ретте «Жастар Рухы» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Еркебұлан Мадиярұлымен сұхбаттасып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайында білген едік.
– Еркебұлан Мадиярұлы, қазір облыстық филиалда қанша мүше тіркелген және қай бағыттарда жұмыс жүргізіп жатырсыздар?
– «Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалында бүгінде 7850 мүше бар. «Рухтастар» патриоттық, спорттық, мәдени іс-шаралардан бөлек, жастарды жұмыспен қамту, экологиялық проблемаларды реттеу, жастарға қолдау көрсету, қоғамдық қауіпсіздік, жастарды теріс әдеттерден қорғау жұмыстарына белсене атсалысып келеді.
– Түркістан өңірінде ел мен жерді, қоршаған ортаны қорғауға ынталы жастар көп пе? Жастардың санасын оятып, дұрыс жолға бағыттау мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Бүгінде 2 миллионнан астам халық өмір сүріп жатқан Түркістан облысында жастардың да қарасы қалың. Тиісінше, олардың арасында патриот азаматтар да аз емес. Дегенмен, өңірдегі жастар саясатын дамыту жұмыстары үздіксіз атқарылып келеді. Осы ретте «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері өңірде «QAISAR» әскери-патриоттық ойындары 7 рет өткізіліп, аясында мектеп оқушылары өзара сайысқа түсті. Сонымен бірге, жоба аясында 4 рет «Сарбаз болғым келеді» акциясы, 12 рет «Qaisar» еркін диалог алаңы ұйымдастырылды. Бұл жобаны өткізудегі мақсат – жастардың Отан қорғауға деген ынтасын арттыру. Сәйкесінше, бүгінгі таңда Түркістан облысы Қазақстан қарулы күштеріне ең көп сарбаз аттандыратын өңірлердің бірі болып отыр.
Отанды сүю және қорғау әскерге барумен ғана шектелмейді. Себебі, өміміз өмір сүретін ортаға құрметпен қарау да ел мен жерді қорғаудың бір жолы. Бұл тұрғыда елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізіліп жатыр. Тиісінше, түркістандық жастар да науқаннан шет қалмай, өз үлестерін қосуда. Мәселен, биыл «Жастар рухы» ұйымының өңірдегі мүшелері «Taза Қазақстан» акциясы аясында мәдени нысандарды реттеу, экологиялық сенбіліктер өткізу, қарттарға қолғабыс ету сынды 50–ден астам іс-шара ұйымдастырды. Ол жұмыстарға 2 000-нан аса белсенді жас атсалысты. Сонымен қатар, 29 қыркүйек-5 қазан күндері аралығында Алматы облысынан бастау алған ROAD-эстафетаға өңірімізден 4000 тұрғын мен 1000-нан астам белсенді қатысты. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізі бойымен жүріп өткен науқан шеңберінде 100 тоннаға жуық қоқыс жиналды.

– Өңір жастарын қолдау, бос жүргендерді жұмыспен қамту жұмыстарының нәтижесі қандай?
– Түркістан облысы жұмыс күші көп және еңбек нарығында бәсекелестік жоғары өңір. Дегенмен, облыс тұрғындарын, оның ішінде жастарды жұмыспен қамту жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалы «Жастарға жұмыс» жобасын іске асырып келеді. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған жоба аясында жыл басынан бері 13 рет ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 250-ге жуық азамат жұмысқа жолданды. Сонымен қатар, 12 ірі кәсіпорынмен өзара меморандум түзіліп, жас мамандарды жұмысқа орналастыру жұмыстары атқарылып келеді.
Одан бөлек, өңірде «Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңес» құрылған. 2025 жылы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының Түркістан облыстық филиалы 3 рет кеңес отырысын өткізді. Кеңестерде 7 мәселе қаралып, 14 ұсыныс берілген. Соның 9-ы орындалса, 5-еуі орындалу үстінде.
– Өңір жастары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына атсалыса ма?
– Әлбетте, Түркістан облысының жастары мұндай жұмыстарға белсене атсалысады. Осы ретте «Қауіпсіз қоғам» жобасы қолға алынған. Жоба аясында биыл 312 іс-шара өткізілді. Іс-шаралар барысында ашық люктарды жабу, суға түсу кезіндегі қауіпсіздікті және өрт қауіпсіздігін сақтау, жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрмеуін қадағалау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесе атқарылуда. Сондай-ақ, «Есіркіге жол жоқ!» акциясы аясында синтетикалық есірткі құралдары саудасының алдын алу мақсатында ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Оған 300-ден астам жас тұрақты түрде атсалысып келеді. Одан бөлек, тарихи, мәдени және табиғи мұраларымызды сақтауға бағытталған «Вандализмге жол жоқ!» акциясы арқылы жастар өңірдегі 21 ескерткіш пен табиғи қорықтардың қалпына келуіне ықпал етті.

– Облыс жастары арасында бұқаралық спортты дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?
– Түркістан облысының жастары кез келген салада белсенділік танытады. Оның ішінде спорт та бар. Сәйкесінше, биыл «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен, «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен ересектер және жасөспірімдер арасында «AMANAT CUP» үстел теннисінен ашық аймақтық жарыс өтті. Жарысқа 206 жасөспірім мен 120-ға жуық ересек қатысып, 4 санатта үздіктерді анықтады. Сонымен қатар, «25 қазан – Республика күні» қарсаңында «MASLIHAT CUP» бастауыш партия ұйымдары арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті. Аладоп сайысына 18 команда қатысып, кім мықтыны анықтады.
Жалпы, өңірде мемлекеттік жастар саясаты тиімді іске асырылып жатыр деп есептеймін. Жастар мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланып жатыр. Белсенді, дарынды жастар қолдаусыз қалмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы


