Бассейнге демалуға барған ер адам жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты

0
143

Оқыс жағдай PrimeVill демалыс кешенінде болған.


Бассейнге демалуға барған ер адам жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Астанада 24 жастағы жігіт қала сыртындағы демалыс аймағында бассейнге барып, кейін жансақтау бөліміне түсті. Оның жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр, деп жазады stan.kz.

Оқыс жағдай PrimeVill демалыс кешенінде болған. Ер адам бассейнде жүзіп жүргенде есінен танып, суға бата бастаған. Сол жерде демалып жүрген басқа адамдар оған алғашқы көмек көрсеткен. Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте оқиға орнында құтқарушы да, медицина қызметкері де, тіпті алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы да болмаған. Жедел жәрдемді де демалушылар өздері шақырған. Қазір жігіт жансақтау бөлімінде жатыр.

Зардап шеккен жігіттің анасы әділдік орнамаса, мұндай жағдайлар басқа демалыс орындарында да қайталануы мүмкін екенін ескертті.

"Қазір балам комада жатыр. Әлі күнге дейін есін жиған жоқ. Қылмыстық іс тергеліп жатыр. Мен әділдік талап етемін. Бұл жалғыз оқиға емес, егер қоғамда резонанс болмаса, мұндай жағдайлар қайталана береді. Басқа демалыс орындарында да осылай болуы мүмкін. Егер жеңіл жарақатпен аяқталса, кешіруге болар еді. Бірақ мұнда адам өлім аузынан қалды. Егер демалушылар дер кезінде көмектеспегенде, ол сол жерде көз жұмар еді", – дейді жігіттің анасы Айкүміс Елеусізова.

Қайғылы оқиға болған демалыс базасы қазір де жұмысын жалғастырып жатыр. Демалыс кешені әкімшілігінің мәліметінше, ер адам бассейнге басымен төмен қарай секірген. Мұндай әрекетке тыйым салынғанына қарамастан, ол ережені бұзған. Әкімшілік бұл туралы кешен аумағында арнайы ескерту тақтайшалары мен ақпараттық стендтер орнатылғанын мәлімдеді.

Демалыс кешені әкімшілігінің мәліметінше, оқиға болған сәтте кезекшілікте арнайы дайындықтан өткен екі құтқарушы болған. Медициналық қызметкерлер келгенге дейін сондағы құтқарулардың бірі оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Әкімшілік бұл деректердің барлығы бейнебақылау камераларындағы жазбалармен растайтінін мәлімдеді.

Қазір оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр.