Балқашта экс-полицей әйелін соққыға жықты деген күдікке ілінді

0
98

Оқиға 4 мамырға қараған түні Балқашта болған.


Балқашта экс-полицей әйелін соққыға жықты деген күдікке ілінді

фото: Polisia.kz

ERNUR.KZ. Қарағанды облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тергеліп жатыр. Жәбірленуші тараптың айтуынша, бұл іске бұрынғы полиция қызметкері қатысы бар. Күдікті әзірге бостандықта жүр, алайда іс бақылауға алынған, деп жазады ulysmedia.kz.

Оқиға 4 мамырға қараған түні Балқашта болған. Жәбірленушінің туыстарының сөзінше, оның бұрынғы күйеуі үйге баса-көктеп кіріп, әйелге шабуыл жасаған — ұрып-соғып, қылқындыра бастаған.

Әйел көп жарақат алып, ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген.

Туыстарының айтуынша, оқиғадан кейін ер адам бірнеше рет әйел жатқан медициналық мекемеге келіп, оны қорқытуды жалғастырған.

Қарағанды облысының полиция департаменті бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Күдіктінің расында бұрынғы полиция қызметкері екені нақтыланды. Ол анық-қанығын білу үшін бөлімшеге жеткізілген. Десе де полиция өкілдері жәбірленуші тараптан ресми арыз тек 4 маусымда, яғни оқиғадан бір ай өткен соң ғана түскенін айтты.

Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл бұрынғы ерлі-зайыпты арасындағы мүлік дауына байланысты болуы мүмкін.

Полиция өкілдері тергеу барысына күдіктінің жеке басының әсер етпейтінін баса айтты: “Заң барлығына бірдей. Бұрынғы қызметтік мәртебе жауапкершіліктен босатпайды”, — деді департамент өкілдері.

Қазір іс облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.