Кейінгі 20 жылдың ішінде 1400-ден астам ауыл жойылып кеткен.
Фото: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Премьер-министрі Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, 1%-дық ауыл ипотекасын іске қосуды ұсынды.
— «Ауыл» партиясы фракциясы ауылды қайта жаңғыртуға арналған кешенді ұлттық бағдарлама қабылдау мәселесін алға қойып отыр. Ол ең алдымен мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді тұрғын үй салуды жеделдетуді; ауыл ипотекасын 1%-бен іске қосуды; әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға жаңа серпін беруді қамтиды. Ауыл тұрғындары күн сайын қарапайым өмір сүру жағдайы үшін күреспеуге тиіс, — деді ол.
Депутат келтірген дерекке сүйенсек, кейінгі 20 жылдың ішінде 1400-ден астам ауыл жойылып кеткен. Ал Үкіметтің бағалауы бойынша тағы 500 ауыл «перспективасы жоқ» елді мекендер қатарына енгізіліп отыр.
— Депутаттармен кездескенде фермерлер бірінші кезекте мамандандырылған агробанкті құру және квоталарды ұлғайтып, өтінімдерді қарау мерзімдерін 2 айдан 10 жұмыс күніне дейін қысқарту арқылы маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарына шетелдік жұмыс күшін тартуды оңайлату және мемлекеттік бажды жеке тұлғалар үшін қолданылатын деңгейде белгілеу мәселелерін шешуді сұрайды, — дейді Серік Егізбаев.
Сондай-ақ, бүгін Мәжіліс банк қызметі туралы заң жобасымен жұмыс бастады.