«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы: БҚО-да 50 медициналық нысан пайдалануға берілді

0
142

Соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 45%-ға азайды. Облыста жұмыссыздық деңгейі - 4,8%, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық 3,6%-ды құрап отыр.


«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы: БҚО-да 50 медициналық нысан пайдалануға берілді

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері өңірлік жұмыс орындарын құру картасына сәйкес Enbek.kz биржасы арқылы 27 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды, оның 18 мыңы - ауыл тұрғындары. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев ОКҚ алаңында айтты.

Сондай-ақ әлеуметтік қолдау шаралары аясында 150 орындық медициналық-оңалту орталығы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені қолданысқа берілді.

«Тек экономикалық өсім ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында да нақты жетістіктеріміз бар. Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру арқылы біз өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі және нақты жұмыстарды атқардық. Денсаулық сақтау саласында 2023 жылдан бері 52 нысан салынды. Оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 медициналық нысан пайдалануға беріліп, Президент тапсырмасы толық орындалды. Ағымдағы жылы Казталов және Бөрлі аудандарында ауданаралық ауруханалардың құрылысы басталды. Үш жылда денсаулық сақтау саласына 442 дәрігер маман тартылып, оның 236-сы ауылдық жерге жіберілді. Медицина саласының материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға 5,1 млрд теңге бөлініп, 100-ге жуық заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде облыстағы медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 84%-ға жетті», – деді БҚО әкімі.

Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында 2023 жылдан бері облыста 27 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 3 жаңа білім ошағы ашылып, өңірдің білім беру әлеуеті одан әрі арта түспек. Осы мектептердің 9-ы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынды. Аталған мектептердің 22-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл ауылдық жерде тұратын балалардың білімге қолжетімділігін арттырып, ауыл мен қала оқушылары үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Биыл 11 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 3505 оқушы оқыған 11 апатты мектептің мәселесі толық шешілді. Сонымен қатар 5798 оқушы білім алған 5 мектепте үш ауысымды оқу жүйесі жойылды. 2025-2027 жылдары облыста 86 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Биыл жергілікті бюджет және «Қазақстан халқына» қоры есебінен 3,3 млрд теңгеге 119 пәндік кабинет сатып алынды. 2023–2025 жылдары спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында 12 спорт нысаны пайдалануға берілді. Орал қаласында 1200 орындық заманауи спорт кешені ел игілігіне берілді. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры есебінен Теректі ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Биыл 9 спорт нысанының құрылысы жалғасуда, олардың бесеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда облыстағы барлық аудан орталығы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен толық қамтамасыз етілген. Нәтижесінде, халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі 66%-дан 76%-ға жетті. Бұл өңір халқының спорттық әлеуетін арттырудағы маңызды қадам болып табылады.

Соңғы үш жылда БҚО-да 11 мәдениет үйі мен мәдени-спорттық кешендер пайдалануға берілді. Биыл 7 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр, олардың төртеуі жыл соңына дейін іске қосылады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауылдық жерде 25 кітапхананы жаңғырту жобасы жүзеге асты. Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында Орал қаласында «Самұрық Қазына» қоры арқылы «креативті хаб» іске қосылды.