Ауруханаға шыққан зейнеткер аязға шыдамай үсіп өлді

0
94

​75 жастағы әйелді полиция таңертең тапқан, бірақ аман алып қалу мүмкін болмады.


Ауруханаға шыққан зейнеткер аязға шыдамай үсіп өлді

Фото: жасанды интеллект

ERNUR.KZ. Петропавл қаласында хабарсыз кеткен 75 жастағы әйел аурухана аумағынан ауыр халде табылып, кейін жедел жәрдем көлігінде көз жұмды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Зейнеткердің жоғалғаны туралы ақпаратты 14 қаңтар күні LIDER волонтёрлер қозғалысы әлеуметтік желіде жариялаған. Мәліметке сәйкес, әйел сол күні түскі сағат 13:00 шамасында үйінен ауруханаға бет алып, қайта оралмаған.

Туыстары кешке полицияға арыз түсіріп, іздеу жұмыстары басталған. Аурухана марқұмның үйінен бірнеше минуттық жерде орналасқанына қарамастан, оны сол түні табу мүмкін болмады. Ұялы телефоны өшірулі болған. Полицейлер әйелдің денсаулығына байланысты бағыт-бағдарын жоғалтуы ықтимал екенін айтыпты.

Tengrinews.kz ақпарынша, Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті іздеу жұмыстарына 60-тан астам адам жұмылдырылғанын хабарлаған. Алайда, түнгі уақытта зейнеткерді табу мүмкін болмады.

«Қалалық полиция, департамент қызметкерлері, СОБР жауынгерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері және волонтёрлер іздеуге қатысты. Ауа райының қолайсыздығы жұмысты қиындатты. Барлық әбаруы мүмкінә орындар тексеріліп, бейнебақылау жазбалары қаралды, алайда түнгі уақытта әйелдің қайда екені анықталмады», – деді баспасөз хатшысы Адемау Меңдыбаева.

15 қаңтар күні таңертең зейнеткерді учаскелік инспектор аурухана аумағындағы шаруашылық корпус маңынан, адам сирек жүретін аймақтан тапқан.

«Әйел қатты тоңып, үсіп қалған. Сөйлесе алмайтын жағдайда болды. Оны бірден жедел жәрдем бригадасына тапсырдық, бірақ дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады», – деді ведомство өкілі.

Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Айта кетейік, қазір Петропавл мен Солтүстік Қазақстан облысында үшінші күн қатарынан қатты аяз сақталып отыр. Ауа температурасы минус 35-38 градусқа дейін төмендеген. Осыған байланысты жолдар жабылып, оқушылар мен студенттер қашықтан оқуға көшірілді. Барлық төтенше қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Полиция тұрғындарға егде жастағы, денсаулығында кінәраты бар туыстарын бақылаусыз сыртқа шығармауға, олардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырады.