Екі әйел адам Ақсу қаласының маңайындағы жылу құбырына барып, ащы суға сылқия тойып алған.
Фото: Pexels
ERNUR.KZ. Павлодар облысы, Ақсу қаласының маңайында алкогольдік сусынға тойып алған екі әйел төбелесіп, арты өліммен аяқталды. Сотта белгілі болғандай, біреуі екіншісінің анасын балағаттаған, деп жазады stan.kz.
Сот мәліметінше, оқиға 17 сәуір күні болған. Екі әйел адам Ақсу қаласының маңайындағы жылу құбырына барып, ащы суға сылқия тойып алған. Сол уақытта біреуі екіншісінің қайтыс болған анасын балағаттаған. Салдарынан төбелес болып, адам қаза болған.
“Жанжал салдарынан П.-да Д.-ны өлтіру ниеті пайда болған. Өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында П. Д.-ның бетіне жұдырықпен соққы жасаған. Соққыдан жәбірленуші жерге құлаған. Бұдан кейін ол әйелдің денесіне бірнеше рет аяғымен соққы жасаған. Алған жарақаттарының салдарынан Д. жедел қан жоғалтудан оқиға орнында қайтыс болған”, – деп мәлімдеді Павлодар соты.
Жансыз жатқан денені көргеннен кейін айыпталушы үйіне барып, дизель отынын алып келген. Қылмысын жасыру үшін мәйіттің үстіндегі киімдерді шешіп, денені өртеп жіберген.
Соттың мәліметінше, айыпталушының қылмысы дәлелденіп, Қылмыстық Кодекстің 99-бабы, 1-бабы бойынша кінәлі деп танып, судья оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтеу бойынша жаза тағайындалды. Айыпталушы 10 жыл бас бостандығынан айырылды.
“Жәбірленушінің талап қоюы 5,5 миллион теңгеден астам сомаға қанағаттандырылды”, – деп мәлімдеді Павлодар соты.
Үкім әлі де заңды күшіне енген жоқ.


