Атырау облысында туризм саласына 32 млрд теңге инвестиция тартылды

0
60

Биыл Атырау өңірі Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында және қала аумағындағы екі елді мекенде жаңа мәдениет үйлері пайдалануға берілді.


Атырау облысында туризм саласына 32 млрд теңге инвестиция тартылды

ERNUR.KZ. Қазір тағы 15 мәдени нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар ауыл халқының шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беріп, өңірдің мәдени әлеуетін нығайта түседі. Сонымен қатар Атырау қаласында 1200 орындық концерт залы мен тарихи-өлкетану музейі, 600 орындық конгресс-холл, бейбітшілік келісім сарайының құрылысы басталды. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

Облыс тұрғындарын спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі 62%-дан 71%-ға артты. Бүгінде халықтың 46,7%-ы бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Жергілікті бюджет есебінен 33 спорт кешенінің құрылысы басталып, биыл 11 спорт кешені қолданысқа берілді, қалған 22 спорт кешенінің құрылысы келесі жылы аяқталады.

«Өңірде спортты жүйелі дамыту мақсатында дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледж жанынан заманауи спорт кешенінің құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «TEXOL» компаниясы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды; Ұлттық спорт кешені (ипподром) және 12 мың орындық стадион және «ATYRAU ARENA» көпбейінді спорт кешенінің жобалары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде», – деді облыс әкімі.

Спикер өңірдегі туризм саласының дамуы жайында да сөз қозғады. Мәселен, жартыжылдықта өңірге 83 мыңнан астам турист келіп, көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 19%-ға артты. Саланы дамытуға бағытталған инвестиция көлемі де екі есе өсіп, 32 млрд теңгені құрады. Туризімді дамытудағы басты бағыттар – ортағасырлық Сарайшық пен Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы. Сарайшықты өңірдің тарихи-туристік орталығына айналдыру бойынша бес жылдық жоспар бекітіліп, жұмыстар басталды. Биыл алғаш рет Қиғаш өзеніндегі табиғи лотос алқабында халықаралық Lotus Fest фестивалі өтті. Шараға 20 мыңнан астам турист қатысты.