Астанаға қатысты жалған бомба хабарының авторы Украинада ұсталды

0
90

Украинада Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы көрінеу жалған хабарлама жіберді деген күдікпен кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігі хабарлады.


Астанаға қатысты жалған бомба хабарының авторы Украинада ұсталды

Фото: Polisia.kz

ERNUR.KZ. Оқиға 26 тамызда Сумы қаласында болған. Жасөспірім Қазақстандағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде жарылғыш зат жасырылғаны туралы жалған хабарлама жіберген, деп жазады kaz.inform.kz

Оны Қазақстан ІІМ мен Украина киберполициясының өзара іс-қимылы нәтижесінде анықтап, ұстаған.

" Тінту кезінде күдіктіден ұялы телефондар, планшет, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді. Электрондық құрылғыларды тексеру барысында хабарлама жіберілген аккаунт, оның мәтіні және іске қатысты өзге де цифрлық дәлелдемелер анықталған. Қазір тәркіленген техникаларға талдау жүргізіліп жатыр ", — деп хабарлады Қазақстанның Ішкі істер министрлігі.

Құқық қорғау органдары ықтимал сыбайластарды анықтап, ұсталған жасөспірімнің осыған ұқсас басқа да фактілерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Қазақстанның ІІМ мен Украинаның құзырлы органдары одан әрі процестік шешімдер қабылдау бойынша жұмысты жалғастырады.

ІІМ нысанды жару, терроризм жасау, кепілге адам алу және қауіпсіздікке төнетін өзге де қатерлер туралы жалған хабарламалар үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.