Сараптама нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік мас күйінде болғаны анықталды.
фото: ашық дереккөз
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде Астанада мас күйінде көлік жүргізген азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әсел Досаева ұсталды деген ақпарат тарады. Бұл дерекке қатысты полиция түсінік берді, деп жазады ulysmedia.kz.
Астана полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, рейдтік іс-шаралар барысында патрульдік полиция қызметкерлері Mazda маркалы көлікті тоқтатқан.
– Сараптама нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік мас күйінде болғаны анықталды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды, тексеріс жүргізіліп жатыр, – делінген ресми хабарламада.
Ал Астана сотының баспасөз қызметі бұл іске қатысты материалдар сотқа түспегенін мәлімдеді.
– Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес, судьяны ұстауға арнайы рәсімдер қарастырылған, сондықтан судьяны полиция өз бетінше ұстай алмайды, – деп түсіндірді сот өкілдері.


