Фото: Александр Павский/Kazinform
ERNUR.KZ. Астанада тұрғын үй кешенінің қасбеті құлауы салдарынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы анықталды. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады kaz.inform.kz.
Тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі 8 қараша күні №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
“ 9 қарашадағы жағдай бойынша екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Үш науқас бейінді бөлімшелерде ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендердің екеуі еңбек міндеттерін орындау барысында жарақат алған фельдшерлер екенін хабарлаймыз. Жансақтау бөлімінде жатқан фельдшердің жағдайы өте ауыр. Екінші фельдшердің жағдайы – орташа, ол нейрохирургия бөлімшесінде ем алып жатыр “, - делінген хабарламада.
Барлық пациент дәрігерлердің бақылауында, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
“ Әлеуметтік желіде тараған «фельдшерлердің алған жарақаты өндірістік жарақат ретінде танылмады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Аталған оқиға өндірістік жарақат ретінде тіркелген. Сонымен қатар жарақат алу фактісі бойынша қалалық Полиция департаменті сотқа дейін тергеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 188-бабына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторы тергеу жұмысын орындауда “, - деді әкімдіктен.


