Мұрат Олжабаевтың сөзінше, оқу процесі Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлық жоспарымен тығыз байланыста жүргізіледі.
Фото: Қорғаныс министрлігі
ERNUR.KZ. ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев еліміздің әскери білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар мен кадр даярлау бағыттары туралы айтып берді.
– Ең алдымен Қорғаныс министрлігінің білім беру ұйымдарында білікті әскери мамандарды даярлау мәселелеріне тоқталғым келеді. Қазақстан Республикасының Әскери доктринасының ережелеріне сәйкес, Қарулы Күштерді, өзге әскерлер мен әскери құрылымдарды жоғары кәсіби кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған әскери білім берудің тұтас жүйесі қалыптастырылды. Бұл жүйе соғыс ісінің даму перспективаларымен, әскери құрылыс міндеттерімен өзара сабақтас және жаңа буындағы соғыстардың болжамды сипатын ескереді, – деді полковник Мұрат Олжабаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру құрылымына әртүрлі деңгейдегі тоғыз әскери оқу орны кіреді.
– Офицерлерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша даярлау үш әскери институтта және ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде жүзеге асырылады. Ал техникалық және кәсіптік білім берумен сержанттарды даярлау Қорғаныс министрлігінің бес әскери колледжінің базасында жүргізіледі, – деп атап өтті спикер.
Полковниктың айтуынша, әскери білім берудің өзегі жоғары білім беру бағдарламалары бойынша әскери мамандарды даярлау.
– Офицерлік кадрларды даярлау Қарулы Күштердің барлық әскер тектері мен түрлерінің негізгі мамандықтарын қамтиды және үш әскери институтта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Құрлық әскерлері әскери институтында – 6 мамандық, 17 біліктілік, Әуе қорғанысы күштері әскери институтында – 7 мамандық, 14 біліктілік, ал Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында – 7 мамандық, 12 біліктілік бойынша даярлық жүргізіледі, – деді ол.
Мұрат Олжабаевтың сөзінше, оқу процесі Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлық жоспарымен тығыз байланыста жүргізіледі.
– Курсанттар мен тыңдаушылар «жауынгерлік ынтымақтастық», «Айбалта», «Қаратау», «өзара іс-қимыл» сияқты ірі оқу-жаттығуларға қатысады. Бұл олардың кейінгі қызметінде қажет болатын практикалық дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді департамент бастығы.
Сондай-ақ қазіргі соғыстардың сипатының өзгеруіне және әскерлердің қажеттіліктеріне сәйкес, офицерлерді жаңа бағыттар бойынша даярлау басталған.
– Құрлық әскерлері әскери институтында материалдық-техникалық қамтамасыз ету кафедрасы ашылды. Әуе қорғанысы күштері әскери институтында ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару мамандығы бойынша даярлау жолға қойылды. Ал Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында радиоэлектрондық барлау мен күрес, ақпаратты қорғау, криптология, сондай-ақ аударма ісі және автоматтандырылған басқару жүйелері бағыттары бойынша мамандар даярланады, – деп түйіндеді Мұрат Олжабаев.


