Қорғаныс министрлігінің мәліметінше азаматтарды әскерге шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
Фото: Kazinform
ERNUR.KZ. Жергілікті денсаулық сақтау органдарының мамандарынан құралған дәрігерлік комиссиялар әскерге шақырылатын азаматтарды медициналық тексеруден өткізіп, олардың әскери қызметке жарамдылығын анықтайды, деп жазады inform.kz.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше азаматтарды әскерге шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
Әскерге шақыру комиссиясының төрағасы — облыс әкімінің орынбасары.
— Шақырылатын азаматтардың тізімін жасау, шақыртуларды жіберу және шақырылым іс-шараларын ұйымдастыру жергілікті әскери басқару органдарының міндетіне жатады. Әскерге шақырылған азаматтар комиссиясының шақыруымен жиын пунктіне келуге міндетті.
Егер шақыртуды жеке тапсыру мүмкін болмаса, азаматтарды жеткізу міндеті ішкі істер органдарына жүктеледі. Олар әскерге шақырудан жалтарған адамдарды іздеп, жеткізумен айналысады, — делінген министрлік хабарламасында.
Жергілікті атқарушы органдар полициямен бірлесіп әскерге шақыру ережесін бұзған азаматтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді.
Шақырылған азаматтар жиын пунктінде өзінің әскерге жарамдылық мәртебесі бойынша тексеруден өтеді.
— Медициналық тексеру денсаулық сақтау органдарының мамандары арқылы жүргізіліп, сарбаздардың денсаулығы бағаланады, жарамдылық категориясы анықталады және олардың мерзімді әскери қызметке жарамдылығы туралы шешім қабылданады.
Заңды негіздер болса, азаматтарға әскерден кейінге қалдыру немесе босату беріледі. Басқа жағдайларда олар Қарулы Күштерге, басқа әскерлерге және әскери құралымдарға мерзімді әскери қызметке жіберіледі, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, 18-ден 27 жасқа дейінгі, әскерден кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ азаматтарды әскерге шақыру жылына екі рет — наурыздан маусымға және қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі.


