Ашық аспан астындағы кино: Алматыда жаңа саябақ пайда болады

0
115

Алматыда қазақ киносының тарихына арналған жаңа қоғамдық кеңістік тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.


Ашық аспан астындағы кино: Алматыда жаңа саябақ пайда болады

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің фотосы

ERNUR.KZ. "Қазақфильм" кинематографиялық паркін серуендеуге, демалуға, кино көрсетілімдерін тамашалауға және отандық кинематографиямен танысуға арналған орынға айналдыру жоспарланып отыр, деп жазады tengrinews.kz.

Тұжырымдаманың негізіне қазақ киносының тарихын қалалық ортамен ұштастыру идеясы алынған. Кеңістікті отандық кинематографияның даму кезеңдерінен сыр шертетін тақырыптық аймақтарға бөлу көзделіп отыр.

Кино тарихын тек үйреншікті экспозициялар арқылы ғана емес, интерактивті және мультимедиялық инсталляциялардың көмегімен де көрсету жоспарланған. Соның арқасында келушілер қазақ киносының танымал туындыларымен және мәдени мұрасымен таныса алады.

Ашық аспан астындағы кино

Болашақ парктің бір бөлігі ашық аспан астындағы кино көрсетілімдеріне арналған амфитеатр болмақ. Сондай-ақ тұжырымдамада серуендеу аллеялары, балалар алаңы және демалыс аймақтары қарастырылған.

Паркте тек кино көрсетіп қоймай, тақырыптық іс-шаралар мен басқа да мәдени жиындарды өткізу жоспарланып отыр.

Алматы қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта жобаның тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құрылыстың қашан басталатыны және оның нақты қандай болатыны әзірге хабарланған жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда қаладағы алғашқы гастрономиялық көше ашылды. Мұнда жаңа дәмханалар, жазғы алаңдар, веложол мен демалыс орындары пайда болды.

Кинематографиялық парк жобасы. Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің фотосы