Бүгін Астана қаласында "ірі көлемде ақша ұрлады" деген күдікпен ұсталған ерікті Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс қаралуда.
Фото: коллаж inbusiness.kz
ERNUR.KZ. Сот процесінде жәбірленуші тараптың өкілі ретінде "Асар-Үме" қорының президенті Асхат Нұрмашев сөз алды, деп жазады inbusiness.kz.
Сот отырысы қылмыстық істің екінші эпизодын зерттеумен басталып отыр. "Асар-Үме" қорының президенті ерікті Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға 200 миллион теңге аударылғаны туралы айтып өтті.
Оның сөзінше, 2023 жылдың қарашасында Израиль мен Газа секторы арасындағы қақтығысқа байланысты Перизат Қайраттың Қазақстандағы Палестина елшілігінің қолдауымен зардап шеккен тұрғындарға көмек жинау науқанын бастаған. Асхат Нұрмашев сөз арасында Перизат Қайраттың Палестина елшілігімен меморандумы болғанын, сол арқылы сенімділігі күшейгенін жеткізді.
– Мен Перизатпен жеке кездестім, оның жоспарына көз жеткізгім келді. Белгілі болғандай, оның Қазақстандағы Палестина елшілігімен келісімінен бөлек, БАӘ-де Газа секторына көмек ұйымдастыратын қорлармен де байланысы болған. Тіпті, Абу-Дабидегі гуманитарлық жүк жіберілетін хабпен байланысы бар екені айтылды, – деді ол.
Айналдырған бес күнде "Асар-Үме" қорының өкілдері 293 миллион теңге жинап үлгерген. Әуелгіде көмек қаражатын 50 миллион теңгеден бірнеше траншпен жіберуді жоспарланғанымен, ол жүзеге аспаған. Басты себеп, Перизат Қайрат барлық соманы бір аударыммен жіберуді талап етіпті. Сондықтан, 200 миллион теңгені бірден аудару туралы шешім қабылданған, қалған 93 миллион теңге кейін жіберілуі тиіс еді.
Қаражат 2023 жылдың 28 қарашасында аударылған. Келісімшарт бойынша Перизат Қайрат желтоқсан айында қаражаттың "Абу-Даби қоры" арқылы аударылғаны және Газа секторы тұрғындарына қажетті тауардың сатып алынғаны жөнінде есеп беруі керек болған. Десе де, қор президенті уәде етілген есеп берілмегенін айтты.
"Асар-Үме" қоры қалған 93 миллион теңгені тікелей Қазақстандағы Палестина елшілігі арқылы аудару туралы шешім қабылданған. Олар елшілікпен хабарласып, қаражатты солар арқылы аударған. Ал елшілік қаражаттың нақты алушыларға жіберілгенін растайтын барлық құжатты ұсынған.