«Анасы қайтыс болған күні өмірден өтті»: БҚО-да өрт сөндіріп жүрген қызметкер қаза тапты

0
95

​Қайғылы оқиға 3 қыркүйек күні Жәнібек ауданында болды.


«Анасы қайтыс болған күні өмірден өтті»: БҚО-да өрт сөндіріп жүрген қызметкер қаза тапты

Фото: Алтай Бақтығалиевтің парақшасынан алынды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында қызметтік міндетін өтеп, өрт сөндіріп жүрген өрт сөндіруші жазым болып, күтпеген жағдайда қаза тапты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қайғылы оқиға Жәнібек ауданындағы Татран қыстауы маңында болған. Төтенше жағдайлар министрлігі қайғылы оқиғаны растап, күздігүні кепкен қурайдан өрт шыққанын хабарлады.

«3 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы «Татран» қыстауы маңында қураған шөп өртенді. Өртті сөндіру барысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде департамент қызметкері қаза тапты. Департамент ұжымы қайтыс болған қызметкердің отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және басқа қажетті көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар министрлігі қаза болған әрбір қызметкердің еңбегі мен ерлігін жоғары бағалайды және олардың есімдері әрдайым құрметпен еске алады», – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Ал марқұм өрт сөндірушінің туысы қаза тапқан бауырына арнап ерекше жазба жариялады.

«Жақында Тау ауылдық округінде тілсіз жаумен күресу барысында өрт сөндіру бөлімінің взвод командирі Миршат Марсұлы Халиуллин қайғылы жағдайда қаза тапты. Елді мекендер мен кең даланы тілсіз жаудан қорғау жолында от пен жалынның ортасында өз міндетін атқарып жүрген азаматтың өмірі осылайша мезгілсіз үзілді. Бұл – жай ғана бір отбасының қайғысы емес. Бұл – елге қызмет етіп жүрген азаматтан айырылған бүкіл қоғамның қасіреті», – Алтай Бақтығалиев.

Халиуллин Миршат 1994 жылы жәнібек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Марс жүргізуші болып еңбек етсе, анасы Анаргүл медбике қызметін атқарды.

«Өкінішке қарай, тағдыр Миршатты ана мейірімінен ерте айырды. Ол небәрі төрт жасында анасы Анаргүлден көз жазып, әкесінің тәрбиесінде қалды. Өмірдің ауыртпалығына қарамастан, әкесі баласын ешкімнен кем қылмай өсіріп, азамат болуына бар күшін салды. Тағдырдың жазуы қандай десек те, Миршаттың өміріндегі ең қасіретті сәйкестіктің бірі – оның өмірден озған күнінің анасы Анаргүлдің жер қойнына тапсырылған күнімен дәл келуі еді. Анасынан небәрі төрт жасында айырылған Миршат араға жылдар салып, дәл сол күні дүниеден өтті. Бұл – артында қалған жақындары үшін орны толмас қайғы, жүректерінде мәңгі сақталатын ауыр қасірет.
Марқұмның отбасы атынан қаралы күннен бастап жерлеу рәсімі аяқталғанға дейін жанымыздан табылып, көмек қолын созған Жәнібек аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №21 өрт сөндіру бөлімінің ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз!» – деп жазды марқұмның туысы.