Алматыдан Қонаевқа 30 мың студент көшірілмек: Оларға арнайы қалашық салынып жатыр

0
125

Қонаев атындағы академиялық қалашық деп аталатын жаңа кампус 100 гектар аумақта орналасады.


Алматыдан Қонаевқа 30 мың студент көшірілмек: Оларға арнайы қалашық салынып жатыр

Фото: som.com

ERNUR.KZ. Қонаевта Орталық Азиядағы ең үлкен академиялық қалашық салынады. Алматыдан 30 мыңға жуық студент жаңа кампусқа қоныс аударады. Билік осы арқылы мегаполистің жүгін жеңілдетпек, деп жазады stan.kz.

Қонаев атындағы академиялық қалашық деп аталатын жаңа кампус 100 гектар аумақта орналасады. Іргетасы 2026 жылы қаланады деп жоспарланып отыр. Ал академиялық қалашық құрылысы 2029 жылға дейін аяқталуы тиіс.

"Студенттерге арналған жатақханалар, мұғалімдерге үйлер мен пәтерлер салынады. Үлкен кітапхана орталығы, спорт нысандары, тіпті Орталық Азиядағы ең үлкен бассейндердің бірі құрылады", – деді Қонаев атындағы академиялық қалашық қорының төрағасы Жанат Рахмани.

Барлық ғимараттың жалпы ауданы шамамен 550 мың шаршы метр болады. Жобаның негізгі инвесторы қытайлық Qingdao Shangheshi Oil Energy Co., Ltd компаниясы. Студенттерге арналған кампус құрылысына 959 миллион доллар (497 миллиард 270 миллион теңге) жұмсалмақ.

Қазір Қонаев билігі қалашық құрылысына жер бөлу мәселесін талқылап жатыр. Олар Алматыдан келетін 30 мың студентке қалашықта орын жетпей қала ма деп қауіптеніп отыр екен.

Облыс әкімдігі Қонаев атындағы академиялық қалашығы өңірдегі ең ірі білім ошақтарының біріне айналады деп есептейді. Жоба президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық төрт жоғары оқу орны Қонаевқа көшірілетіні туралы жазған едік. Кейіннен Ғылым және жоғарғы білім министрлігі көшірілетін 4 университет те Алматы қаласынан екенін хабарлаған. Алдағы уақытта ұсынысқа жауап берсе, Қонаевқа көшірілетін оқу орындарының саны өсуі мүмкін екені айтылған.