Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Сергей Леонов Алматыдағы Владимир Жириновский дүниеге келген және балалық шағы өткен үйді аралады.
Фото: kp.ru | Владимир ВЕЛЕНГУРИН
ERNUR.KZ. Алматыда ресейлік саясаткер Владимир Жириновский тұрған үйге естелік тақта орнату мәселесі көтерілді, деп жазады stan.kz.
Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Сергей Леонов Алматыдағы Владимир Жириновский дүниеге келген және балалық шағы өткен үйді аралады.
Аталған үй қаланың қақ ортасында, Масанчи көшесі 79 мекенжайында орналасқан.
Мәліметтерге сәйкес, болашақ саясаткер осы ғимараттың екінші қабатындағы үш бөлмелі №3 пәтерде тұрған.
Үйді аралап шыққаннан кейін Леонов саясаткердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ғимараттың қасбетіне естелік тақта орнатуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл сапар Жириновскийдің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында символикалық мәнге ие.
"Әрине, егер осы ғимараттың қасбетінде дәл осы жерде көрнекті ресейлік саясаткер Владимир Вольфович Жириновский дүниеге келгені туралы естелік тақта орнатылса, өте жақсы болар еді. Сонда көп адам бұл тарихи үй туралы біліп, саясаткердің өмірімен жақынырақ танысар еді", – деді Сергей Леонов.
Айта кетейік, Владимир Жириновский 1946 жылдың 25 сәуірінде Алматы қаласында дүниеге келген. Кейін Ресейге қоныс аударып, посткеңестік кезеңдегі ең танымал саясаткерлердің біріне айналды. Ол Ресейдің либерал-демократиялық партиясын құрып, ұзақ жылдар бойы басқарды, бірнеше рет Мемлекеттік Дума депутаты болып сайланып, Ресейдегі президенттік сайлауларға қатысты.Жириновский өткір әрі эпатажды мәлімдемелерімен танылып, оның сөздері жиі қоғамда үлкен резонанс тудыратын.


