"Қазгидромет" болжамынша, жауын-шашын сағат 15:00-ден кейін басталады
.Фото: kaz.nur.kz
ERNUR.KZ. Алматыда бүгін түстен кейін жаңбыр жауады деп күтілуде, деп жазады inbusiness.kz.
Қала коммуналдық қызметтері су басу қаупінің алдын алу және ықтимал салдарын жою үшін арнайы техника мен мамандарды дайындыққа келтірді.
Бұл туралы Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мәлімдеді.
"Қазгидромет" болжамынша, жауын-шашын сағат 15:00-ден кейін басталып, түнгі сағат 02:00-ге дейін жалғасады. Жауын-шашын мөлшері 5 мм-ге дейін жетуі мүмкін. Желдің екпіні секундына 13 метрге дейін күшейіп, ауа температурасы +17…+19 °С болады.
Су басу қаупі бар учаскелерде 85 жедел бригада кезекшілік етеді. Олардың жұмысына 1 579 жол қызметкері жұмылдырылып, 415 арнайы техника, 97 мотопомпа және құм салынған 5 мыңға жуық қап дайындалды.
Қажет болған жағдайда су жиналуы мүмкін аумақтарға ассенизаторлық көліктер мен су соруға арналған жабдықтары бар бригадалар жіберіледі.
Бұдан бөлек, қаланың күнделікті тазалық жұмыстарына 3 250 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника тартылады. Көшелер мен жолдардың жағдайын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Синоптиктердің мәліметінше, ертең күндіз жауын-шашын болмайды. Алайда 26 қараша күні түстен кейін жаңбыр қайта жаууы мүмкін.
Қала тұрғындары мен қонақтарына жолға шығарда ауа райын ескеріп, су жиналуы ықтимал аумақтардан аулақ жүру ұсынылады. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау ескертілді.


