Алматыда мерзімі өткен дәрілерді қабылдайтын бөлімшелер ашылды

0
101

Жаңа бастама халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және дәрілерді қауіпсіз жоюдың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған.


Алматыда мерзімі өткен дәрілерді қабылдайтын бөлімшелер ашылды

Фото: bz-berlin.de

ERNUR.KZ. Алматыда қауіпті қалдықтарды қауіпсіз жою мақсатында стационарлық дәрі қабылдау пунктері жұмысын бастады. Республикалық "Таза Қазақстан" акциясы аясында 36 қалалық емханада арнайы контейнерлер орнатылды, деп жазады stan.kz.

Арнайы дәрі қабылдау пунктеріне тұрғындар пайдаланылмаған, жартылай қолданылған немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілерін тапсыра алады. Себебі дәрі-дәрмектер қауіпті қалдықтарға жатады. Оларды қоқысқа тастау немесе кәріз құбырына төгу экология мен адам денсаулығына қатер төндіреді.

ECO Network экологиялық ұйымының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, өткен жылы пилоттық жоба аясында алматылықтар бірнеше айдың ішінде 122 келі жарамсыз дәріні өткізген.

"Дәрі қалдықтары полигондарда жиналған соң жерасты суларын ластайды. Ал ол суды кейін фермерлер пайдаланады. Нәтижесінде өнімдерге қауіпті заттар түсіп, адамдардың өзіне зиян келтіреді", – дейді ол.

Жаңа бастама халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және дәрілерді қауіпсіз жоюдың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәрілерді жинау және утилизациялау процесі бейнебақылаумен және тұрақты тексерулермен жүргізіледі.

Жақында дәрі қабылдау контейнерлерінің саны 41-ге дейін артпақ. Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі жобаны кеңейту үшін бизнес өкілдерін тартуды және тұрғындарды экологиялық бастамаларға қатысқаны үшін ынталандыруды ұсынып отыр.