Алматыда блогер Әділет Молдаханға қатысты сот басталды: ол кінәсін мойындады

0
114

Алматыда 1 миллионнан астам оқырманы бар блогер Әділетхан Молдахан ұсталған болатын.


Алматыда блогер Әділет Молдаханға қатысты сот басталды: ол кінәсін мойындады

Фото: instagram / adiletkhan

ERNUR.KZ. Алмалы аудандық сотында блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысы басталды, деп жазады inform.kz.

Оған ҚР Қылмыстық Кодексi 274-бабы 2-тармағы 3-бөлігі бойынша (көрінеу жалған ақпарат тарату) айып тағылды. Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев және Алматы қаласы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев танылды.

Сот отырысында төрағалық етуші судья — Ернар Қасымбеков, ал прокурор — Ұлжан Әбдіраманова болды. Отырыс басталғанан кейін айыпталушы Әділетхан Молдахан өз кінәсін толық мойындап, істі қысқартылған тәртіпте өткізуге өтініш жасады. Жәбірленуші тарап бұл өтінішхатқа қарсылық білдірмеді.

Сондай-ақ айыпталушы қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруға өтініш білдірді. Прокурор бұл өтінішке қарсылық білдірсе, жәбірленуші тарап соттың қарауына қалдырды. Судья кеңесу бөлмесінен келген соң, айыпталушыны үйқамаққа жіберуден бас тартты.

Ал жәбірленуші Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымов моральдық шығын ретінде 10 млн теңге және сот шығындарына 1 млн теңге азаматтық талап-арыз қойды.

Судья соттың тергеу бөлімі келесі отырыста басталатынын айтып, үзіліс жариялады. Істің қысқартылған тәртіпте өткізілуі де келесі сот отырысында қаралады.

Еске салайық, Алматыда 1 миллионнан астам оқырманы бар блогер Әділетхан Молдахан ұсталған болатын.

Полиция оған қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша іс қозғады. Блогер әлеуметтік желіде құқықтық саладағы бейнежазбаларымен танымал. Әсіресе, оның Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты жайлы жариялаған бейнежазбалары желіде кеңінен тарады.

Бұған дейін сот қаулысымен оған 10 тәулік мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған болатын.

Кейін Әділетхан Молдаханды қамауда ұстау мерзімі 2 айға ұзартылды.