Алматыда 31 магнит жұтқан 1 жасар балаға шұғыл ота жасалды

0
112

​Дәрігерлердің айтуынша, бірнеше магнит ішекте бір-біріне тартылып, перитонитке әкелуі мүмкін.


Алматыда 31 магнит жұтқан 1 жасар балаға шұғыл ота жасалды

Фото: pixabay.com

ERNUR.KZ. Алматыда 31 магнит жұтып қойған 1 жас 9 айлық сәбиге шұғыл ота жасалды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына өте ауыр жағдайда жеткізілген. Тексеру барысында оның ішегінде 31 магнит бары, жіңішке ішектің бірнеше жерден тесілгені және перитонит дамығаны анықталған.

Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы жедел хирургиялық араласу екенін шешкен. Ота кезінде ортаңғы лапаротомия жасалып, құрсақ қуысы толық тексерілген. Хирургтер ішектегі барлық магнитті алып тастап, жіңішке ішектегі көптеген тесікті тікті. Сонымен қатар құрсақ қуысы тазартылып, дренаж орнатылған. Ішекке трансаналдық интубация жүргізілген.

Орталық хирургі Асқар Ризвановтың мәліметінше, магниттердің негізгі қаупі олардың асқазан-ішек жолына бөлек түскенімен, ішекте бір-біріне тартылып, арасына ішек қабырғасын қысып қалуында. Мұндай жағдайда қан айналымы бұзылып, тіндер жансызданады, қысқа уақыт ішінде тесік пайда болып, перитонит өршуі мүмкін.

Мамандар тіпті 1 магнит жұтқан жағдайда да дереу медициналық көмекке жүгіну қажет екенін ескертеді. Ал бірнеше магнит баланың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Дәрігерлер ата-аналарды магнитті ойыншықтар мен ұсақ магниті бар заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажеттігін қатаң ескертті.