Прокуратура алименттік міндеттемелердің әлеуметтік маңызы зор екенін, ал оларды орындаудан жалтарған әрбір жағдай қылмыстық-құқықтық және әкімшілік тәртіппен жолын кесетінін хабарлайды.
ERNUR.KZ. Осы жылдың сегіз айында жалпы құны 3,5 млрд теңге алимент өндірілген, деп жазады inbusiness.kz.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы (балаларды асырауға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 50 қасақана төлемеген борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Оның ішінде 33 адам сотталып, тағы 17 іс берешектің ерікті түрде өтелуіне байланысты тоқтатылды. Мысалы, аудандық сот борышкер "А"-ны 2,1 млн теңге қарызы үшін бір жылға бостандығын шектеуге үкім шығарды. Ол екі жылдан астам уақыт бойы баласын асырау жөніндегі міндетін орындамаған, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, алименттік қарыздарды өтеу үшін 4 жылжымайтын мүлік (жер телімдері, үйлер) тәркіленді. Мәселен, 5 млн теңге берешегі бар борышкер "И"-дің орнына сот орындаушысы Еңбекшіқазақ ауданындағы 100 шаршы метр тұрғын үйді өндіріп алды.
– Прокуратураның бастамасымен 169 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылып, олардың 108-і 5 тәулікке дейін қамауға алынды. Мұндай шаралар ата-аналық міндеттемелерін қасақана орындамай жүргендер үшін айқын тәжірибе болып отыр, – деп хабарлады Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокуратура алименттік міндеттемелердің әлеуметтік маңызы зор екенін, ал оларды орындаудан жалтарған әрбір жағдай қылмыстық-құқықтық және әкімшілік тәртіппен жолын кесетінін хабарлайды.