Алматы облысында мың түйеден құралған керуен Гиннес рекордтар кітабына енді

0
105

Бір шақырым қашықтықты жүріп өткен керуен 20 қыркүйекте Іле ауданы, Күрті ауылдық округінің Ақши ауылында ұйымдастырылған болатын.


Алматы облысында мың түйеден құралған керуен Гиннес рекордтар кітабына енді

фото: Акимат Алматинской области

ERNUR.KZ. Алматы облысында бір өркешті мың түйеден құралған керуен ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп жазады sputnik.kz.
Бір шақырым қашықтықты жүріп өткен керуен 20 қыркүйекте Іле ауданы, Күрті ауылдық округінің Ақши ауылында ұйымдастырылған болатын.
Әлемдік жетістік сертификатын Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард-Уильям Стэннинг табыстады. Ол қазақстандық жобаның ерекшелігіне ерекше тоқталды.
"Бұл – айрықша жағдай. Өзге елдерде мұндай керуендер әртүрлі адамдардың жануарларынан құралады – бірінде төрт түйе, екіншісінде екі түйе болады. Ал Қазақстанда мың түйенің бәрі бір адамның иелігінде. Бұл – рекордты шынымен де ерекше әрі бірегей етеді. Қазақстан мені таңғалдырды, енді бұл елге турист ретінде де келгім келеді", – деді ол.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те бұл оқиғаның ел үшін маңызын атап өтті.
"Рекордтың ресми түрде мойындалуы – біздің ұлттық рухымыз бен мәдени мұрамызға көрсетілген үлкен құрмет. Мың түйеден құралған керуен халықты біріктіріп, қазақ дәстүрінің символына айналды", – деді аймақ басшысы.
Идея авторы әрі керуен иесі, "Даулет-Бекет" ЖШС директоры Сыдық Даулетов жобаны дайындауға жарты жыл уақыт кетті дейді.
"Түйе – еркіндікке үйренген жануар. Мың түйені бірге жинау оңай болған жоқ. Бірақ мақсат пен сенім болса, мүмкін емес дүние жоқ. Алдағы уақытта шұбат фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Халыққа осындай дәстүрімізді жаңғыртатын шаралар қажет", – деді ол.