Балалар ұйымдасқан қылмыстық топқа мүше болып, әрекет еткен.
Фото: Polisia.kz
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі үйлердің терезесін бұзып, пәтерден бағалы зат ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты әшкере қылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Полицияның мәліметіне сүйенсек, Алматы облысында пәтер тонаған бірнеше қылмыстық топ ұсталған.
«Алматы облысында 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап пәтер тонаған қылмыстық топтар ұсталды. Қаскөйлер алтын, ақша және басқа да құнды заттарды ұрлап, жалпы 21 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 20 наурызда криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олардың тоғыз пәтер ұрлығына қатысы бары анықталды», - деп хабарлайды полиция.
Бұл топтан басқа кәмелет жасына толмаған балаларды да тартып, ұрлық жасаған тағы бір топ ұсталған.
«24 наурызда Алматы облысы аумағында пәтер ұрлығымен айналысқан тағы бір қылмыстық топ ұсталды. Олардың үш қылмысқа қатысы бары анықталды. Бұл топтың құрамында 14 және 17 жастағы жасөспірімдер болған», - деп хабарлайды полиция.


