Алдағы үш жылда ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға 214 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

0
114

2024 жылғы шілде айында білікті мамандар тапшылығын кешенді шешуге бағытталған мамандандырылған бейінді жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды.


Алдағы үш жылда ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға 214 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

ERNUR.KZ. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру туралы баяндама жасады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«Су саласын жаңғырту және орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді жүйелі шешу үшін министрлік 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын, су саласын дамытудың Кешенді жоспарын және жаңа Су кодексін қамтитын құқықтық және институционалдық базаны қалыптастырды. Бұл құжаттар гидротехникалық құрылысжайларды реконструкциялау мен техникалық қайта жарақтандырудан бастап озық цифрлық технологияларды енгізуге дейінгі негізгі нысаналы индикаторлар мен оларға қол жеткізу жөніндегі шараларды бекітеді», — деді Нұржан Нұржігітов.

2024 жылғы шілде айында білікті мамандар тапшылығын кешенді шешуге бағытталған мамандандырылған бейінді жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Ұлттық университетте Венгрияның Корвинус университетімен бірлесіп, «Су ресурстарын басқару, су дипломатиясы» бағыты бойынша магистратура деңгейіндегі қос диплом бағдарламасы енгізілді. Сонымен қатар Эразмус Мундус бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті базасында Су дипломатиясы орталығын құру жобасына қаржыландыру мақұлданды.

2025 жылы су саласының 125 маманы Қытай Халық Республикасында қабылдаушы тараптың есебінен оқудан өтті. 2026 жылы тағы 200 маманды даярлау жоспарланып отыр. Бұл отандық тәжірибеге озық шетелдік тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді.

Егер 2023 жылы су саласына қатысты мамандарды даярлау 9 жоғары оқу орнында жүргізілсе, 2025 жылға қарай мұндай оқу орындарының желісі 13 жоғары оқу орны мен 8 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына дейін кеңейтілді. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша университет пен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алушылардың жалпы саны шамамен 2 500 адамды құрайды.

Мемлекет басшысының Су ресурстарының цифрлық платформасын құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында министрлік Еуразиялық даму банкінің Цифрлық бастамалар қорының қолдауымен, жерүсті және жерасты сулары туралы деректерді біріктіретін Ұлттық ақпараттық жүйені әзірлеп жатыр.

Платформаның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін министрлік жанынан деректерді жинау, өңдеу және талдау функцияларын атқаратын Ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар негізгі барлық өңірде орналасқан 367 нысанды қоса алғанда, ұзындығы 3,5 мың км-ден астам суару каналын автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2026 жылдан бастап 103 каналдың реконструкциясы мен автоматтандырылуы басталады, ал 2028 жылдың қалған 264 канал жаңғыртылып, автоматтандырылады.

2030 жылға дейін министрлік 14 мың км-ден астам ирригациялық каналдарды жаңғырту және реконструкциялауды жоспарлап отыр. Бұл су жоғалтуды 50%-дан 35%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Ислам даму банкімен бірлескен жобаның бірінші кезеңі шеңберінде биыл 96 каналды реконструкциялау басталады.

2024 жылдан бастап фермерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру үшін су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнатуға жұмсалған инвестициялық шығындардың 80%-ына дейін өтеу, суару суын нормадан артық пайдаланғаны үшін тарифті 20%-ға арттыру және тариф мөлшеріне қарай дифференциалды субсидиялау тетіктері енгізілді.

2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру аясында су үнемдеу технологияларын енгізу кезіндегі инвестициялық шығындарды өтеуге 214,6 млрд теңге қарастырылған.

Өнеркәсіп саласында Су кодексіне сәйкес жеті жыл ішінде, оның алғашқы екі жылы – өтпелі кезең, ал қалған бес жылы – іске асыру кезеңі ретінде, айналымдық және қайталама сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу талабы белгіленген.

Бұл 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр: тұрмыста суды үнемдеу жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірленді, суды үнемдеу әдістеріне қатысты егжей-тегжейлі талдау бойынша аналитикалық зерттеу жүргізілді, республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2 млн мектеп оқушысына арналған «Суды үнемде – болашақты сақта» сабағы өткізілді. Жаңа оқу жылында колледж және жоғары оқу орындары студенттерін қамту жоспарланып отыр.

«Судың «қара нарығын» жою мақсатында 2024 жылы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитет құрылды. Бассейндік су инспекцияларының қызметкерлер саны әр облыс орталығында бөлімдер ашу арқылы 98-ден 241-ге дейін ұлғайтылды. Өкілеттіктер кеңейтілді, тексеру рәсімдері жеңілдетілді және су заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді», - деді министр.