Атыс салдарынан бір адам жараланды.
Фото: Видеодан кадр
ERNUR.KZ. Қарулы адамды құрықтау үшін полиция қаладағы ең қарбалас көшелердің бірін толықтай жабуға мәжбүр болды, деп жазады inbusiness.kz.
Телеарна мәліметінше, екі азамат жанармай бекетінің маңында сөз таластырып, дауды бетпе-бет шешпек болған. Алайда кездесуге мылтықпен келген күдікті қарсы тарапқа бірнеше рет оқ атқан. Аяғы мен қолынан жарақат алған ер адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Қару ұстаған күдіктіні ұстау барысында тәртіп сақшылары оннан астам полиция көлігін тартты.
Оқиға кезінде қала орталығындағы көлік қозғалысы толық тоқтап, әдетте халық көп жүретін көше бос қалды.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
– Полиция Ақтөбе қаласында автожанармай құю станцияларының бірінің аумағында жасалған бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Оқиға орнында жедел тергеу тобының қызметкерлері пневматика қаруды тәркіледі. Жедел іс-шарада күдіктінің жеке басы анықталды, қазір оны ұстау және сотқа дейінгі тергеу органына жеткізу жүргізіліп жатыр, – дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.


