Ақтөбе - Жайсан тасжолында жантүршігерлік жол апаты болды: видео

0
130

Көлік жүргізушісі мен екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.


Ақтөбе - Жайсан тасжолында жантүршігерлік жол апаты болды: видео

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Ақтөбе - Жайсан автожолында ВАЗ-2115 пен Lada Granta көліктері соқтығысты. Оқиға орнынан түсірілген видео желіде тарады. Өңірлік полицияның баспасөз қызметі жол апатына қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

Instagram-парақшасының бірінде жол апаты орнынан түсірілген кадрлар жарияланды.

"Ақтөбе – Мәртөк тасжолында бүгін түнде жантүршігерлік жол апаты болды", – делінген жазбада.

Полиция не дейді?

Жол апатына өңірлік полицияның баспасөз қызметі пікір білдірді. Апат 10 сәуірде шамамен сағат 23:00-де Ақтөбе - Жайсан автожолында болған.

"Жол апаты ВАЗ-2115 және Lada Granta автокөліктері соқтығысты. Апат салдарынан ВАЗ-2115 көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Ал Lada Granta көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді", – деп хабарлады полиция.

Бұл дерек бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ, түнде жылдамдықты асырмау, қарсы жолаққа шықпау және шаршаған не ұйқысы қанбаған күйде көлік тізгініне отырмау қажетін еске салды.