Жігіттің туыстары оның соққыға жығылғаны туралы ақпаратты әлеуметтік желіде жариялаған.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында ерекше әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірінші топтағы мүгедек соққыға жығылған, деп жазады tengrinews.kz.
Басылымың мәліметінше, жігіттің туыстары оның соққыға жығылғаны туралы ақпаратты әлеуметтік желіде жариялаған.
Жәбірленушінің жақындары ер адам денсаулығына байланысты №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатқанын айтты. 2 қазанда анасы кешкі ас апарып барғанда, ұлының беті мен көзінің көгергенін көрген.
"Беті ісіп кеткен, көзін аша алмай отырды. Мақсаттың айтуынша, оны орталықтағы бір тұрғын ұрып тастаған. Бірақ бұл туралы бізге сол күні ешкім хабар берген жоқ. Ал мекеме басшылығы камералар дәл сол уақытта істемегенін айтты. Қазір де кім ұрғаны, науқас па, әлде қызметкер ме, белгісіз", – деді туыстары.
Олардың сөзінше, оқиға сәтінің видеосы көрсетілмеген, нақты пікір де берілмей отыр.
"Директор "мұндай жағдайлар болып тұрады" деп, мәселені жауып тастауға тырысып жатыр. Бізге неге сол күні ешкім хабар бермеді? Бәрін өз көзімізбен көрген соң ғана білдік", – деп ашуланды отбасы.
Жігіттің туыстары Маңғыстау облысының прокуратурасы мен денсаулық сақтау басқармасын оқиғаны егжей-тегжей тексеруге шақырды.
Ал №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Амангүл Нұрлаева болған жағдайға пікір білдірді:
"1 қазанда орталықта оқыс жағдай болды. Екінші топтағы мүгедек, "шизофрения" диагнозы бар Болат есімді тұрғын бірінші топтағы мүгедек, "ақыл-ой кемістігі" диагнозы бар Мақсатты ұрып тастаған. Соның салдарынан Мақсаттың беті көгеріп, жарақаттар мен сызаттар алған", – деді ол.
Нұрлаеваның айтуынша, барлық жағдайды анықтау үшін қызметтік тексеріс тағайындалған.
"Тексеру нәтижелері кейін жарияланады", – деді ол.
Ал облыстық полиция департаменті қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады.