Ақтауда қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шықпай қалды: әкімдік не дейді

0
111

Жұмысшылар жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсаруды талап еткен.


Ақтауда қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шықпай қалды: әкімдік не дейді

фото: Астанадағы №1 автобус паркі

ERNUR.KZ. Ақтау қаласында қоғамдық көліктер тоқтап, тұрғындар таксимен жүруге мәжбүр болды. Автобус жүргізушілері неге наразы болды. Ақтау қалалық әкімдігі мәселе қалай шешілгенін айтты, деп жазады sputnik.kz.
Бүгін Ақтауда қоғамдық көліктер тоқтап қалды. Тасымалдаушы мекемелер "Caspian Trans Corporation" ЖШС мен "Каспий Авто Парк" ЖШС қоғамдық көлік маршруттарындағы автобус жүргізушілері наразылық білдіріп, жұмысқа шығудан бас тартты. Lada.kz ақпараты бойынша, автобус жүргізушілерінің 80%-і наразылық білдіріп, бас көтерген.
Олардың айтуынша, бұған дейін "Caspian Trans Corporation", "Каспий Авто паркі" серіктестігі басшылығына, сондай-ақ облыс әкімдігіне, еңбек инспекциясына және қала прокуратурасына бірнеше рет өтініш айтып, проблемаларын шешіп беруді сұраған.
Жүргізушілердің қойған талабы:
жалақыны көтеру;
еңбек жағдайларын жақсарту - толыққанды әлеуметтік пакет ұсыну.
"Біз шаршадық, басшылық бізді естімейді. Тіпті тапқан ақшамызды әрдайым бухгалтериядан сұрауға тура келеді. Бізге аурухана ақысы төленбейді, қалыпты жұмыс үшін жағдай жоқ, тіпті дәретханаға баратын жер жоқ. Біз таңғы бестен кешке дейін жұмыс істейміз. Әлеуметтік пакет те жоқ. Бүгін маршруттарға қалалық және ауданаралық автобустардың жүргізушілері шықпады", - деді жүргізушілердің бірі.
Жүргізушілер ереуілге шыққан жерге тасымалдаушы компаниялардың басшылығы, прокуратура мен әкімдік өкілдері барған.
"Мәселенің мән-жайын анықтау және шешу бойынша әкімдік оқиға орнына барды. Автобус жүргізішілері тарапынан: жалақыны көтеру, еңбек жағдайын жақсарту, тамақтану, тынығу уақыттарын ұзарту т.с.с. мәселелер көтерілді. Қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мәселені шешу жолдары қарастырылады", - дейді Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Құзырлы органның уәдесін алған автобус жүргізушілері сағат 11.00-де штаттық режимде жүре бастады.