Ақтауда екі айлық сәби шетінеп кетті: Cотқа дейінгі тергеу басталды

0
153

​Отбасы қайғылы оқиғаға дейін де құқық қорғау органдарының бақылауында болған.


Ақтауда екі айлық сәби шетінеп кетті: Cотқа дейінгі тергеу басталды
фото: baq.kz.

ERNUR.KZ. Ақтауда екі айлық қыз бала көз жұмды. Қаладағы медициналық мекемелердің бірінде нәрестенің шетінеуі туралы хабар 4 сәуір күні шамамен сағат 11:00-де «102» арнасына түскен, деп жазады baq.kz.

Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицияның дерегіне сәйкес, мәйітті алғашқы тексеру кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаладағы жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінде болған қайғылы жағдай туралы ақпарат тараған еді. Үй тұрғындарының сөзіне сүйенсек, пәтерде 1994 жылы туған әйел екі баласымен тұрған. Көршілердің айтуынша, олар отбасындағы жанжалдарға байланысты бірнеше рет түрлі мекемелерге шағымданған.

Полиция бұл отбасының құқық қорғау органдарының назарында болғанын және учаскелік инспекторлар тарапынан тұрақты түрде тексеріліп отырғанын растады. Атап айтқанда, 2025 жылғы 19 қарашада полиция қызметкерлері подъезд тұрғындарымен кездесу өткізіп, заң талаптарын түсіндіріп, түскен өтініштерді қараған.

Ведомство дерегінше, баланың әкесі бір жыл ішінде тыныштықты бұзғаны үшін төрт рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қатысты қорғау нұсқамасы да шығарылған. Бұл талапты бұзғаны үшін ер адам сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынып, арнайы қабылдау орнына орналастырылған. Бұдан бөлек, ол профилактикалық есепте тұрған, ал әкімшілік қадағалау белгілеу үшін материалдар екі рет сотқа жолданған.

Қайғылы оқиғаға аз уақыт қалғанда, 2026 жылғы 27 наурызда учаскелік инспектор ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында қосымша шаралар қабылдау үшін әкімдікке ұсыным жолдаған.

Тексеру қорытындысы бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.