Әйелдің мәйіті мен ес-түссіз жатқан полицей: Қарағандыда ПБ басшысы мен орынбасары қызметтерінен босатылды

0
90

1 қазанға қараған түні Қарағанды қаласындағы полиция пунктінен әйелдің өлі табылған болатын.


Әйелдің мәйіті мен ес-түссіз жатқан полицей: Қарағандыда ПБ басшысы мен орынбасары қызметтерінен босатылды

Фото :Tengrinews.kz / Турар Казангапов

ERNUR.KZ. Қарағандыда Михайлов полиция бөлімінде кадрлық өзгерістер болды. Бұл шешім полиция пунктінде әйелдің мәйіті табылғаннан кейін қабылданған, деп жазады tengrinews.kz.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, тәртіптік комиссияның шешімі бойынша Қарағандыдағы Михайлов полиция бөлімінің бастығы мен оның орынбасары қызметтерінен босатылған.

Сондай-ақ, қызметтік тергеу мен тәртіптік комиссия отырысының қорытындысы бойынша Қарағанды Полиция басқармасының және облыстық Полиция департаментінің бірқатар басшылық құрамына қатысты қатаң шаралар қабылданғаны айтылды.

"Әйелдің мәйіті табылғаннан кейін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Учаскелік полиция инспекторы соталды тергеп-тексеру барысында заң талаптарына сәйкес медициналық мекемеде болуына байланысты қызметінен уақытша шеттетілді. Оны жұмыстан босату мәселесі емделгеннен кейін қаралады", - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қылмыстық істі тергеу облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екені атап өтілді.

Еске салайық, 1 қазанға қараған түні Қарағанды қаласындағы полиция пунктінен әйелдің өлі табылған болатын. Оқиға орнында ес-түссіз жатқан полиция қызметкері де болған, ол медициналық мекемеге жеткізілді.

Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл оқиғаға пікір білдіріп, оны "масқара жағдай" деп атаған болатын.