2028 жылға дейін Ұлытау облысында 25 инвестициялық жоба пулы қалыптасады

0
109

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлытау облысының ЖӨӨ көлемі 1 трлн теңгеге жетіп, 1,1% өсім көрсетті.


2028 жылға дейін Ұлытау облысында 25 инвестициялық жоба пулы қалыптасады
ERNUR.KZ. Жан басына шаққандағы көрсеткіш – 4,6 млн теңге. 10 айда көлік және қоймалау, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру, инвестициялар, сауда және ауыл шаруашылығы салаларында оң динамика байқалады. Тек өнеркәсіп саласында ғана көрсеткіштер төмендеген. Экономикалық белсенділіктің артуы нәтижесінде облыс бюджетінің кірістері 29,7 млрд теңгеге, яғни 20%-ға ұлғайып, 178 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, бюджеттің тең жартысы әлеуметтік салаға бағытталады. Бюджеттің меншік кірістері былтырмен салыстырғанда 15,6 млрд теңгеге артты.

«Инвестициялар экономиканың тұрақты және сапалы өсімінің негізі болып табылады. Егер өткен жылы экономиканы әртараптандыру аясында облыс бойынша 34 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба қосылса, биыл 138 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба бастау алды. Оның ішінде қазіргі таңда мұнай базасының, жел электр станциясының және респиратор шығару зауытының құрылысы аяқталды. 2028 жылға дейін жалпы құны 920 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр», – деді өңір басшысы.

Экономиканы әртараптандыруды жеделдету мақсатында Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылды. Аталған аймақ аясында жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба пысықталуда, нәтижесінде 100 жұмыс орны құрылмақ. Ағымдағы жылы инфрақұрылым тартылу жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталады.