1 қазаннан бастап Қазақстанда WhatsApp бизнес тарифтері өзгереді

0
102

Meta WhatsApp Business Platform қолданатын компаниялар үшін хабарламалардың кейбір түрлеріне ақы енгізеді.


1 қазаннан бастап Қазақстанда WhatsApp бизнес тарифтері өзгереді

Фото: uctoday.com

ERNUR.KZ. Жаңа тарифтер WhatsApp Business-тің стандартты қосымшасын пайдаланатын шағын бизнеске емес, клиенттермен жаппай байланыс орнату үшін WhatsApp Business Platform пайдаланатын ұйымдарға қатысты, деп жазады inbusiness.kz.

Атап айтқанда, WhatsApp Business Platform/API қолданатын, яғни мессенджерді CRM жүйесіне, колл-орталыққа немесе чат-боттарға қосқан компаниялар ақылы хабарламаларға көшеді.

Айына алғашқы 1000 сервистік хабарлама тегін болады. Одан кейін әр шығыс хабарлама үшін шамамен 0,018 доллар, яғни қазіргі бағаммен 8 теңгеге жуық төлем алынады.

Ақылы хабарламалар қатарына операторлардың жауаптары, чат-бот хабарламалары, тапсырысты растау, жеткізу туралы ақпарат және жазылу жөніндегі ескертулер кіреді. Ал клиенттердің бизнеске жіберген кіріс хабарламалары үшін ақы алынбайды.

Meta компаниялар мен олардың технологиялық серіктестерінен 30 қыркүйекке дейін Meta Billing Hub жүйесіне төлем тәсілін қосуды талап етеді. Төлемге Visa және Mastercard карталарын, сондай-ақ корпоративтік кредиттік желілерді пайдалануға болады. Төлем тәсілін уақытында қоспаған компаниялардың 1 қазаннан кейін хабарламаларды жеткізу мүмкіндігіне шектеу қойылуы ықтимал.

Meta бұған дейін де бизнес хабарламаларының тарифтік жүйесін өзгерткен. 2025 жылғы шілдеден бастап компания бизнес бастамасымен жіберілетін шаблондық хабарламалар үшін бұрынғы диалог негізіндегі төлем моделінен әр хабарлама үшін төлем жасау жүйесіне көшті.