​ТАБИҒАТ АЯСЫНДА от жағып әуре болмайсыз, КҮННЕН ЭНЕРГИЯ алатын МАНГАЛЫҢЫЗ болса

0
1 396

Демалыс кезінде көп көмегі тиетін өнертабыстар


​ТАБИҒАТ АЯСЫНДА от жағып әуре болмайсыз, КҮННЕН ЭНЕРГИЯ алатын МАНГАЛЫҢЫЗ болса

Теңіз жағасында, тауда, жағажайда демалатын уақыт келді! Табиғат аясында жүріп те үйдегідей жайлылығыңызды сақтағыңыз келсе, көмекке келетін гаджеттер бар. Ең пайдалы, ең керек деген бірқатарын таныстырмақпыз.


  • Күннен энергия алатын мангал

Табиғат аясында барбекю, гриль жасауды ұнататындар үшін таптырмас бұйым. Әсіресе, от жағуға тыйым салынған, электр қуаты жүргізілмеген аймақтарда еш қиналмай ас пісіре беруге болады. Сәулелі рефлекторлары Күн сәулесін бағыттау арқылы пеш бетін қыздырады. Бұл құрылғыда ет шырынды және хош иісті болып шығады. 200°C-қа дейін жылуды сақтайтын, ыстыққа төзімді, қауіпсіздік пен пайдалану ыңғайлылығын қамтамасыз ететін арнайы контейнерде тауық еті, стейк, балық немесе көкөністер – кез келгенін пісіре беруге болады.


  • Өздігінен үрленетін браслет

Жүзе алмайтын немесе суда өзін аса сенімді сезінбейтіндер үшін өте пайдалы өнертабыс. Суда қауіп төнген жағдайда адам өмірін сақтап қалуы әбден мүмкін. Бұл инновациялық аксессуар Red Dot дизайн жүлдесін жеңіп алған. Құрылғы кәдімгі білезікке ұқсайды. Ал төтенше жағдайда қақпағы ашылып, ішінен үрлемелі қауіпсіздік жастықшасы шығады. Ол өздігінен жылдам үрленіп, аз уақытта құтқарушыға айналады. Суда сенімді жүзе алатын болсаңыз да, күтпеген жағдайларға дайын болу үшін, қауіпсіздік мақсатында мұндай білезікті әрқашан өзіңізбен бірге алып жүруге болады.


  • Алып жүруге өте ыңғайлы үтік

Табиғат аясын былай қойғанда, тіпті қонақүйлердің өзінде пайдалануға үтік берілмейді. Киім үтіктеу үшін қосымша ақы төлеуге тура келеді. Ал өте жеңіл, кішкентай, жанқалтаға да сыйып кететін ыңғайлы үтігің болса, ешкімге кіріптар болмайсың. Ықшам, жиналмалы үтік кез келген жерде, кез келген уақытта киіміңізді мінсіз тегістеп береді.


  • Бірнеше адам сыятын су платформалары

5 немесе тіпті 10 адамды сыйдыра алатын үлкен үрлемелі платформалар топпен демалушылар үшін өте жақсы шешім. Жалдамалы су көліктеріне үлкен сома төлеп, минут санап жүрмейсің. Үрлеп алып, су бетіне жіберсе болғаны. Қалаған уақытыңда шомылып, қалаған кезіңде платформа үстіне шығып қыздырыну, достарыңмен әңгіме-дүкен құруға еш кедергі жоқ.


  • Су бүріккіш

Су бүріккіш – жаздың ыстық күнінде салқындатудың тамаша тәсілі. Өте ұсақ су тамшыларын бүрке отырып, айналадағы ауа температурасын төмендетуге көмектеседі. Тек табиғат аясындағы демалыста емес, жалпы, жаз біткенше біраз жерде кәдеңізге жарайды-ау. Күнделікті есік алдында демалғанда, аулада балалар ойнағанда, бау-бақша жұмыстарын жасағанда – өзіңіз қажет деп тапқан барлық жағдайда қолдана бересіз. Стандартты бақша шлангісіне оңай жалғанады.


  • Жағажайдағы құпия қойма

Жағажайда алаңсыз демалуға көбінесе кедергі келтіретін бір жағдай – бағалы бұйымдардың қауіпсіздігі. Әсіресе, кілт, смартфон сындыларды ешкім алып кетпесін деп қадағалап әлек боламыз. Көңіліңіз жайлы болуы үшін арнайы жағажайлық сейфті алсаңыз болады. Оны бұрап-бұрап жіберсеңіз, құм арасына оңай кіріп кетеді. Бағалы заттарыңызды салып, бетін жауып, үстінен арам пиғылдылардың назарын аудара бермейтіндей етіп сүлгі, төсеніш, киім, т.б. заттарды қоя салсаңыз болғаны.

Аударған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ЖЕЛДЕТКІШТІҢ жаңа түрлері: таңдау кезінде неге МӘН БЕРУ керек?