Ылғал немесе тер құлаққап ішіне кірсе, микросхемалар мен динамиктер бұзылады.
Сурет: i.pinimg.com
Бір құлаққаптың дыбыс шығармауы – сымсыз аксессуарлардың иелері жиі ұшырайтын жағымсыз жағдайлардың бірі. Бұл не себепті болатынын және мәселені қалай шешуге болатынын қарастырайық.
Бір құлаққап қосылмай қалса...
Әдетте құлаққаптар зарядтау қорапшасынан шығарып, құлаққа қоярда автоматты түрде іске қосылады. Осы кезде екі құлаққап та (модуль деп те атайды) дыбыстық сигнал беруі тиіс.
Бірақ бағдарламалық ақау салдарынан бір құлаққап қосыла алмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда оны қолмен қосуға болады: жұмыс істемей тұрған сыңардағы сенсорлық немесе механикалық батырманы 3–5 секунд басып тұрыңыз.
Жалпы, мұндай жағдайға арналған нұсқаулық құрылғы моделіне байланысты өзгереді. Мысалы, кейбір Xiaomi модельдерінде шешім былай болады:
- Жұмыс істемейтін құлаққаптағы басқару батырмасын басыңыз.
- Батырманы босатпай, модульді зарядтау қорапшасына орналастырыңыз.
- Шамамен 5 секунд күтіңіз — жарық индикаторы жыпылықтауы керек, бұл құлаққап қосылғанын білдіреді.
Модульдердің синхрондалмауы
Көптеген толық сымсыз (TWS) құлаққаптардің біреуі – «негізгі», екінші сыңары – «жетектегі» схемасы бойынша жұмыс істейді. Көбіне оң жақ құлаққап негізгі модуль болады. Құлаққаптарды қорапшадан шығарғанда негізгі модуль дыбыстық сигналды қабылдап, жетекші модульге жібереді.
Синхрондау ақауы кезінде негізгі модуль сигналы жетектегі сыңарына жетпей қалады. Сол себепті музыка тек бір құлаққаптан ғана естіледі. Бұл мәселені баптауларды қалпына келтіріп, қайта синхрондау арқылы шешуге болады:
- Смартфондағы Bluetooth баптауларын ашыңыз.
- Қосылған құлаққапты таңдап, құрылғыдан ажыратыңыз.
- Екі модульдегі батырмаларды шамамен 5 секунд басып тұрыңыз.
- Содан кейін екі батырманы ұзақ уақыт — 20–50 секундқа (модельге байланысты) басып тұрыңыз. Осыдан кейін құлаққап баптаулары зауыттық күйге оралады.
- Құлаққаптарды қорапқа салыңыз, бірнеше секунд күтіңіз және қайтадан шығарыңыз.
- Bluetooth баптауларында құрылғыларды іздеп, аксессуарды смартфонға қайта синхрондаңыз.
Кейбір модельдерде зауыттық баптаулар тек зарядтау қорапшасындағы батырма арқылы қалпына келеді. Егер нұсқаулық жоқ болса, біз айтқан барлық әдістерді байқап көруге болады.
Бір құлаққаптың қуаты таусылса...
Негізгі құлаққаптың жетектегіге сигнал жіберу қосымша функциясы болғандықтан, соның қуаты жылдамырақ бітеді. Егер екі модульдегі энергия мөлшері сәйкес келмесе, негізгі модуль жұмысын тоқтатуы мүмкін.
Мәселені шешу жолы қарапайым: екі құлаққапты да толық зарядталған қорапқа салыңыз. Модульдердің батареядан қуат алып тұрғанын индикатор арқылы тексеріңіз. Егер заряд жүрмесе, модульдер мен қорапшаның контактілерін тексеріп, қажет болса, таза құрғақ мақта таяқшасымен сүртіңіз.
Құлаққап істен шықса...
Бір модульдің жұмысын түбегейлі тоқтатуының себебі – аккумулятордың немесе электроника бөлігінің бұзылуы болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тек жөндеу орталығына апару ғана қалады. Құрттай ғана болса да, құлаққаптың ішінде едәуір күрделі жүйе жұмыс істейді. Оны тәжірибесі, білгені болмаса, өз бетінше жөндеу қиын.
Сымсыз құлаққаптар ұзақ уақыт бұзылмай қызмет етсін десеңіз, жалпы оларды дұрыс пайдалану үшін мына кеңестерді де іске асырып жүріңіз.
1. Құлаққаптарды үнемі тексеріп, тазалап отыру
Құлаққаптардың контактілері мен динамиктерінде шаң немесе кір жиналуы мүмкін. Құрғақ мақта таяқшасы немесе жұмсақ щеткамен тазалап тұру дұрыс байланысуын қамтамасыз етеді. Су немесе химиялық заттар қолданбау керек, олар электрониканы бұзуы мүмкін.
2. Батареяны дұрыс зарядтау
Құлаққаптарды қуаты толық таусылып өшпей тұрып зарядтау ұсынылады. Бұл батареяның қызмет ету мерзімін ұзартады. Ұзақ уақыт бойы толық зарядталған күйде қалдырмау керек. Мысалы, бірнеше күн бойы қорапта толық зарядтаулы қалса, батареяның сыйымдылығы азаюы мүмкін.
3. Синхрондау мәселелерін алдын алу
Бір құлаққапты жеке пайдаланғаннан кейін оны кейспен бірге қайта синхрондау керек. Сондай-ақ, құлаққапты жаңа құрылғыға қосарда, бірінші алдыңғы қосылған құрылғымен байланысты өшіріп алыңыз.
4. Смартфон баптауларын бақылау
Кейде бір құлаққаптың дыбысы шықпай қалуы Bluetooth қосылымының әлсіздігіне байланысты болады. Телефондағы бұрын соңды Bluetooth арқылы қосылған құрылғылар тізімін тазалап, қажет емес қосылымдарды өшіруді ұсынамыз.
5. Жоғары дыбыс деңгейінен аулақ болу
Ұзақ уақыт бойы қатты дауыспен тыңдау құлаққаптың динамигіне кері әсер етеді. Кейде дыбыс сапасының бұзылуына да осы себеп болады.
6. Жабдықты температура мен ылғалдан қорғау
Құлаққаптарды температура өте жоғары (ыстық), төмен (суық) немесе ылғалды жерде қалдырмау керек. Ылғал немесе тер құлаққап ішіне кірсе, микросхемалар мен динамиктер бұзылады.
7. Қажет болса, зауыттық баптауларға қайта оралу
Егер құлаққап бірнеше әдісті қолданғаннан кейін де бір құлаққап жұмыс істемесе, зауыттық баптауларға қайта оралу – ең сенімді шешім.
Кейде бұл әрекет бағдарламалық ақауды толығымен шешеді.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Смартфоныңыз алаяқтардың бақылауында екенін білдіретін 5 белгі


