Жазба авторының айтуынша, өзі сапарда жүргенде үйіне осындай жағдай болған.
Фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде белгісіз бір топ қыздың тұрғын үйдің кіреберіс есігін теуіп, бүлдіргені туралы жазба жарияланды. Оқиға кезінде пәтерде ешкім болмаған. Үй иелері қыздардың кім екенін және не себепті мұндай әрекетке барғанын білмейтінін айтады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Жазба авторының айтуынша, өзі сапарда жүргенде үйіне осындай жағдай болған. Ол жұмыста болған уақытта пәтерге сіңілісі келмеген, ал белгісіз қыздар есікті бар күшімен теуіп, ашуға тырысқан.
«Қыздар есікті қатты тепкені соншалық, есіктің тұтқасын сындырып кеткен. Олар секіріп, есікті жұлқылап, шайқап, бар күшімен аяқтарымен ұрған. Біз көршілерден сұрастырдық, бірақ олардың ешқайсысы қыздарды танымады. Дегенмен көршілер олардың қатты шу шығарып, айналадағыларға кедергі келтіргенін айтты», – деп жазды ол.
Жазба авторы белгісіз қыздардың кім екенін де, не себепті бөтен пәтерге келгенін де түсінбейтінін айтады. Оның сөзінше, егер сол уақытта үйде біреу болғанда, жағдай әлдеқайда күрделі болуы мүмкін еді.
«Мен әлі күнге дейін есеңгіреп отырмын. Бөтен біреудің үйіне келіп, есігін осылай агрессивті түрде тебуге адамның қалай дәті барады? Ал егер үйде біреу болғанда ше?», – деп ашынды тұрғын.
Ол әлеуметтік желі қолданушыларынан қыздарды таныған жағдайда жеке хабарлама жазуды сұрады. Сондай-ақ бүлінген мүлікке қатысты олардың жеке басын қалай анықтауға және заң алдында жауапқа тартуға болатынын білгісі келеді.
Желідегі жазбаның астына пікір жазғандар арасында оны танитын адамдар да бар болып шықты. Желі тұтунышасы оны SNICKERS лақап атымен белгілі блогерге ұқсатып, суретін жүктеген болатын. Пікір жазғандардың көбі бұл пікірді құптаған. Халық бұл іске полиция қызметкерлері араласу керек екенін талап етіп жатыр.
Редакция осы мәселеге байланысты Алматы қалалық Полиция департаментіне сауал жолдап, мәселенің егжей-тегжейіне қатысты ақпарат сұратып жатыр.


