АҚЫЛДЫ тоңазытқыштардың қандай АРТЫҚШЫЛЫҒЫ бар?

0
122

Енді «Үйде не бар?», «Кешке не пісіреміз?» деген сұрақтарға тоңазытқыштар жауап береді


АҚЫЛДЫ тоңазытқыштардың қандай АРТЫҚШЫЛЫҒЫ бар?

Сурет: i.pinimg.com

Қазіргі тоңазытқыш – жай ғана азық-түлікті сақтайтын техника емес. Тоңазытқыш жасаушы ірі брендтер жасанды интеллект, камералар, нейрожелілер мен смарт-функцияларды біріктіріп, ас үйдегі ең ақылды құрылғылардың біріне айналдырып отыр. Соның арқасында олар үй бикелері мен аспаздардың сенімді көмекшісі. Соңғы үлгілер өнімдерді өзі «көріп», не барын санап, не пісіруге болатынын айтып, тіпті етті мұздатпай ұзақ уақыт балғын күйде сақтай алады. Мұндай жетілдірілген тоңазытқыштар азық-түлікті үнемдеуге, уақытты тиімді пайдалануға және күнделікті тұрмысты әлдеқайда ыңғайлы етуге көмектеседі. Төменде соңғы кезде таныстырылған ең қызықты әрі технологиялық тоңазытқыштарға қысқаша шолу жасаймыз.


Азық-түлік тізімін өзі жасайды

Сурет: 4pda.to

GE Appliances компаниясының ассортиментінде жаңа GE Profile Smart ақылды тоңазытқышы пайда болды. Оның ерекшелігі – дүкенге барарда сатып алу керек азық-түліктер тізімін алдын-ала өздігінен түзіп дайындап қояды. Құрылғы бұл қызметті кіріктірілген штрихкод сканерінің арқасында атқарады.

Сканер су диспенсерінің үстінде орналасқан. Пайдаланушы таусылған өнімдердің бос қораптарын қоқысқа тастар алдында сканерлеуі қажет. Тоңазытқыш оны сол сәтте-ақ сатып алу тізіміне қосып қояды. Сатып алу тізімі смартфондағы GE SmartHQ қосымшасында көрініп тұрады. Сканердің жанында 8 дюймдік экран орналасқан. Сол экран арқылы сатып алу тізімін қолмен өңдеуге (қосымша азық-түлік қосуға немесе кейбір түрлерін алып тастауға, мөлшерін көрсетуге) болады.

Құрылғының тағы бір ерекшелігі – SmartHQ ақылды көмекшісі. Оның көмегімен таймер орнатуға, диспенсерден белгілі бір мөлшерде су алуға болады. Сондай-ақ, кейбір ескертпелерді, мәселен, сүзгіні ауыстыру бойынша нұсқаулықты мәтін түрінде жіберіп тұрады.

Тоңазытқыштың басқа да «ақылды» функциялары қатарына диетаны жоспарлау, дайын рецептер көрсету мүмкіндігі кіреді. Сонымен қатар, кіріктірілген динамиктердің арқасында музыка немесе подкаст тыңдауға мүмкіндік бар.

GE Profile Smart тоңазытқышын өндірушілер халықаралық нарыққа сәуір айында $4899 бастапқы бағамен шығармақ ниетте.


Есігін сөзбен-ақ ашып-жабуға болады

Сурет: the-geek.ru

Samsung компаниясы CES 2026 көрмесіне алып келетін Bespoke AI атты жаңа тоңазытқыш Google нейрожелісіне негізделген бағдарламалық жасақтамасымен ерекшеленеді. Кіріктірілген камераның көмегімен жасанды интеллект тоңазытқыш ішіндегі өнімдерді танып, солардың негізінде рецепттер ұсына алады. Gemini қолданылуы тамақ дайындау нұсқаларының санын айтарлықтай арттырады деп күтілуде. Бұл – рецептерге қатысты кеңестер беру, дүкенге бармай-ақ, қолда бар ингредиенттерден не пісіруге болатынын ұсыну, т.б.

Тағы бір практикалық пайдасы: құрылғы өнімдер тізімін неғұрлым дәл жүргізген сайын, сатып алуды жоспарлау оңайлайды. Үйде не бар, ненің таусылып келе жатқанын бірден көруге болады. Samsung өндірушілері мұндай тоңазытқыш жасақтаудағы басты мақсат – тағам қалдықтарын азайту екенін арнайы атап өткен. Логикасы қарапайым: егер сөрелерде не тұрғанын жиі көріп отырсаңыз, тоңазытқыштың алыс бұрышында тұрған сүт немесе көк шөпті ұмытып кету сирек болады. Сонымен қатар, дүкенге барғанда артық азық-түлік алудан сақтайды.

Bixby арқылы дауыстық басқару да қосылған: «Есікті аш» немесе «Есікті жап» деп айтуға болады. Есік 90 градустан артық ашылады. Сондай-ақ ыммен басқару бар: алақанмен немесе қолдың сыртымен жеңіл итеру механизмі іске қосады. Бұл тәсіл ас дайындау кезінде өте ыңғайлы. Қолыңыз былғанып тұрғанда тоңазытқыштан бірдеңе алу үшін есігін қоса былғамайсыз.

Samsung әзірге бұл функциялардың барлық нарықтар мен модельдерге қашан шығатынын нақтылаған жоқ.


Етті 10 күн бойы балғын күйінде сақтайды

Сурет: www.newsinfo.ru

Xiaomi ақылды тұрмыстық техника желісін дамытуды жалғастырып, жаңа премиум Mijia Refrigerator Pro тоңазытқышын таныстырды. Минималистік үлгіде, алдыңғы панелі тегіс, көлемі – 560 литр болатын тұрмыстық техниканың артықшылықтары бұл ғана емес. Оның басты құндылығы – инновациялық технологияларында.

Негізгі ерекшелігі – Mijia Micro Freezing технологиясы. Ол етті мұз қылып қатырмай, нөлден төмен температурада сақтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында ет өнімдері шырындылығы мен дәмдік қасиеттерін жоғалтпай, 10 күнге дейін балғын күйінде қалады.

Xiaomi деректеріне сүйенсек, жаңа жүйе еттегі шырын жоғалуын 2,89%-ға дейін азайтады, жұмсақтығын 14,55%-ға арттырады және табиғи «умами» дәмін беретін глутаматтың мөлшерін шамамен 23%-ға көбейтеді. Арнайы бақылау жүйесі белгіленген температураны 0,1 °C дәлдікпен ұстап тұрады. Сонымен қатар, тоңазытқыштың жұмыс кезіндегі шу деңгейі 31 дБ-ден аспайды, ал тәуліктік энергия тұтынуы 0,74 кВтсағ құрайды.

Үлгінің нақты атауы – Mijia Refrigerator Pro Micro-Chilled French 560L. Қазіргі уақытта Қытайда $1125 бағамен сатылып жатыр. Ал басқа елдер нарығында қашан пайда болатыны туралы әзірге нақты ақпарат жоқ.


Пауэрбанкқа айналатын портативті тоңазытқыш

Сурет: 4pda.to

Anker бренді техника каталогын ашық ауада пайдалануға арналған Solix EverFrost 2 портативті тоңазытқышымен толықтырды. Жаңа өнім жоғары салқындату жылдамдығымен, ұзақ автономды жұмыс уақытымен, сондай-ақ өз батареясының қуатын басқа гаджеттермен бөлісу мүмкіндігімен ерекшеленеді.

Құрылғының аккумуляторы 52 сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істеуіне жеткілікті. Қажет болған жағдайда оны қуаты 60 Вт-қа дейінгі пауэрбанк ретінде пайдаланып, смартфондарды, планшеттерді және кейбір ноутбук үлгілерін зарядтауға болады. Құрылғының өз батареясын тұрмыстық электр желісінен, күн панельдерінен, сондай-ақ автокөліктің борттық желісінен қуаттауға мүмкіндік бар.

Solix EverFrost 2 табиғат аясында қолдануға бағытталғандықтан, ол IPX3 қорғанысы бар берік корпуспен, сондай-ақ тасымалдауға арналған дөңгелектермен және тартпалы тұтқамен жабдықталған. Температураны басқару және басқа параметрлерді реттеу мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылады.

Anker Solix EverFrost 2 бірнеше нұсқада қолжетімді. Ең үлкенінің көлемі – 58 литр, екі тәуелсіз салқындату аймағы бар. Үлгі $1099 бағаланады. Одан кішірек 40 литрлік нұсқасы $899 тұрса, 32 литрлік модель $799.


Азық-түліктің балғындығын бақылайды

Сурет:4pda.to

Panasonic-тің жаңа тоңазытқышы өнімдердің балғындығын бақылап отыра алады. Ақылды құрылғы жасанды интеллект алгоритмдерінің көмегімен көкөністердің балғындығын қадағалайды, рецепттер құрастырады және тағам қалдықтарының мөлшерін азайтуға көмектеседі.

Тоңазытқыштың корпусына өнімдерді «көріп», оларды Live Pantry мобильді қосымшасына жарамдылық мерзімі мен сақталған күні туралы белгімен енгізетін камера модулі орнатылған. Осы деректердің негізінде қосымша рецептер ұсынып, күнделікті мәзірді алдымен тезірек қолдану қажет өнімдерден құрастырады. Бұл тәсіл тағам қалдықтарын азайтуға мүмкіндік береді.

ЖИ тіпті туралған күйінде болса да, 45 түрлі көкөністі тани алады. Бұл олардың жарамдылық мерзімін дәл анықтау үшін қажет. Сонымен қатар, ылғалдылықтың оңтайландырылған параметрлері арқасында ішіндегі өнімдер жеті күн бойы балғын күйінде сақталатын арнайы көкөніс жәшігі бар.

Тоңазытқыш қазір Жапонияда ғана сатылып жатыр. Компания оны басқа нарықтарға шығаруды жоспарлай ма – әзірге белгісіз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Илон Маск 2026 жылы әлемді түбегейлі өзгертетін нейрожелілерді атады

Вертикалды СЫМСЫЗ ШАҢСОРҒЫШты қалай таңдау керек?